Media Image

6 қараша 2024

Басқарма төрағасы-ректор С.Идрисов есеп берді

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 2023-2024 оқу жылдарындағы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы, университетің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов қоғам алдында есеп берді.
Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, Атырау облыстық қоғамдық кеңесі төрағасы, Атырау облысының құрметті азаматы Мұрат Өтешов, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, аймақтағы жоғарғы және арнаулы орта білім беру мекемелерінің басшылары, университеттің профессорлар-оқытушылары құрамы, БАҚ өкілдері, Атырау университетімен әріптестік-ынтымақтастық байланыс орнатып жүрген жұмыс беруші мекемелер басшылары, студенттер қатысты.
Университеттің басқарма төрағасы-ректор С. Идрисов өз баяндамасында университеттің миссиясы, университет көрінісі, мақсаты мен міндеттері туралы баяндап, оқу жылы ішінде жеткен жетістіктерге тоқталды.
 Университеттің даму бағыттарының негізіне – Атырау өңіріндегі еңбек нарығы сұраныстарына сай сапалы мамандар дайындау, Атырау университетін өңірдегі инновациялық процестердің, ғылым мен білімнің драйверіне айналдыру алынғандығын айтты.- Осы бағыттарды жүзеге асыру үшін «Университеттің 2020-2025 жылдарға арналған даму стратегиясы» қайта қаралып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қазақстан Республикасында жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы басшылыққа алынды. Біз өз қызметімізде басшылыққа алған негізгі принциптер: академиялық еркіндік, оқыту мен зерттеу бірлігі, ашықтық, жариялылық, сапа, тұлғаға құрмет, саналылық, жаңашылдық, – деді ректор.
Қазір басты назар аударылатын бағыттардың бірі – қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы. Бұл ретте университетте еңбек ақыны өсіру 2020 жылдан бастап кезең-кезеңмен іске асып келеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Басқарманың шешімімен педагогикалық қызметкерлердің жалақысы 20% көтеріліп, олардың ғылыми атақтары мен атқаратын лауазымдарына байланысты үстемақылар төленіп келеді. Бұл қатарда осындай мүмкіндіктер студенттерге де жасалған. Жалпы жастар саясаты және әлеуметтік қолдау шараларына 2023 оқу жылында университет тарапынан 43 995 810 теңге қаражат бөлінді.
- Біздің университет жастарды жан-жақты қолдауға және олардың дамуына барынша жағдай жасауға бағытталған. Бізде түрлі бағыттағы студенттік клубтар жұмыс істейді, олар жастарды қызығушылықтары мен мақсаттарына сәйкес біріктіреді. Университетте спорттық секциялар, шығармашылық үйірмелер, волонтерлік қозғалыстар, студенттік деканат ұйымдары бар. Біз белсенді студенттерімізге жан-жақты қолдау көрсетеміз. 42 студент оқу гранттары конкурстарының жеңімпазы атанса, әлеуметтік жобаларды іске асыруға тартылған гранттық қаржыландыру 12 млн теңге, ал 6 млн теңге демеушілік қаражат студенттік бастамаларды қолдау мақсатында тартылған, – деді С. Идрисов.
Одан бөлек университеттегі басты ұстанымдардың бірі шетелдік оқу орындарымен ғылыми-әріптестік қарым-қатынастар орнату, шетел ғалымдарымен тәжірибе алмасу. Осы орайда сәтті жүзеге асырылып келе жатқан академиялық ұтқырлық бағдарламасын атап өткеніміз жөн. Аталмыш бағдарлама аясында 19 оқытушы Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан мемлекеттеріне сапарласа, 15 шетелдік ғалым Атырау университетіне келіп дәріс беріп, тәжірибесімен бөліскен.
- Дәл осы жүйе бойынша студенттер де тәжірибе алмасып келеді. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстандағы университеттерге 8 студент, ERASMUS+ бойынша Францияға 2 студент барып білімін жетілдірсе, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен тағы 9 студент өзге мемлекеттерде тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Одан бөлек қырғызстандық 5 студент Атырау университетіне тәжірибе алмасуға мүмкіндік алған, – деді басқарма төрағасы.
Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың есебінен соң, алдағы мақсаттар мен міндеттерге тоқталған С. Идрисов, университеттің инфрақұрылымына қатысты жоспарларымен бөлісті. Қазір университетке қарасты 1 жатақхана мен 1 оқу корпусы, авариялық жағдайда деп танылған. Сол себепті де мәселені оңтайлы шешу мақсатында, қала аумағындағы өзге ғимараттарды жалға алып отыр. Дегенмен бұл уақытша шешім. Сондықтан университет басшылығы жаңа инфрақұрылым нысандарын салуды жоспарлап отыр.
- Қазір университет теңгерімінде бас оқу ғимараты, 4 оқу корпусы, спорт кешені мен «Жайық» денешынықтыру-сауықтыру кешені, 3 жатақхана бар. Алдағы жоспарымызда, студенттерге арналған зертханасы бар 1 000 орындық оқу ғимараты, заманауи кітапхана, Сарайшық ауылында агробиологиялық станция, ғылыми-зерттеу зертханалары бар «Құзырет орталығы» құрылыстары бар, – деп алдағы жоспарымен бөлісті.
Есептік жиынның негізгі бөлімінен кейін, Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, алға қойған жоспарларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсететінін жеткізді.
Жиын соңында университет ардагерлері мен ғылыми кеңес мүшелері өз пікірлерін білдіріп, Саламат Идрисовтың баяндамасына оң бағасын беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.