
5 қараша 2024
Қаламгер Берік Қорқытовтың шығармашылығы ұлықталды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Берік Қорқытовтың шығармашылығы мен өмір жолын насихаттау мақсатындағы ашық кураторлық сағаты өтті.
Орыс филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Берік Ыбырашұлының қызы Марта Берікқызы, кафедра оқытушылары мен кафедра студенттері қатысты.
Ашық кураторлық сағат филология ғылымдарының кандидаты, профессор, іс-шараның ұйымдастырушысы Камелова Сания Ибрагимқызының алғы сөзімен басталды.
Кафедра студенттері белгілі жазушы, драматург, өлке тарихын зерттеуші, шежіреші, Махамбет атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, драматург, аудармашы Берік Қорқытовтың өмір жолы мен шығармашылығынан естеліктер келтіре отырып, мазмұнды баяндамалар жасады. Жиынға қатысушылар шежіреші-қаламгердің сүйікті ақыны Махамбет Өтемісұлының «Арайна» өлеңін жатқа оқып, атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін бірге шырқады.
Жиын соңында Берік Ыбырашұлының қызы, Атырау университетінде бірнеше жыл қызмет еткен Марта Берікқызы: «Ата-ана туралы сөз сөйлеу әрқашан қиын. Анам мен әкем жұмыста да, үйде де ерекше махаббатын көрсететін. Біріншісі, отбасына деген махаббат болса, екіншісі, жұмысқа, ғылым-білімге деген шексіз махаббаттары еді» деп сөз бастап, әкесі жөнінде ыстық естеліктерімен бөлісіп, кафедра ұжымы мен студенттерге ризашылығын жеткізді.