
11 қараша 2024
"Сарайшық - бабалар мұрасы" симпозиумы өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Сарайшық-бабалар мұрасы» жобасы аясындағы симпозиумның бірінші күні өтті.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Астана қалалық филиалы мен Атырау университеті бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының бірлесе ұйымдастырған шарасына БАҚ, ҮЕҰ мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері, суретшілер, оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты.
«Сарайшық-бабалар мұрасы» жобасы – Сарайшық тарихын жаңғырту, оны ғылыми негізде зерттеу мен насихаттауға бағытталған маңызды шара. Жоба мақсаты – киелі шаһардың тарихын тану мен танытуда көркем сурет, бейнелеу мен мүсін өнерінің мүмкіндіктерін пайдаланудағы тың ізденістерге жол ашу, өнер туындыларын жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісінде қолдану, жергілікті суретшілердің шеберліктері мен кәсіби біліктілігін арттыру ісіне үлес қосу.
«Керемет шараның куәсі болып жатырмыз. Жалпы, студенттер қатысқан шараларға қуанамын. Осындай шараларды көріп, жастарбіздің ісімізді ары қарай алып кетуге ұмтылады. Атаулы жоба аясында әлемге аты әйгілі, тарих ақтаңдақтары жинақталған мекенді тек тарихшылар көзімен емес, суретшілер көзімен де ұсынылған керемет туындылар жасалып жатыр. Бәрі өз дәрежесінде өтуде, құтты болсын! Симпозиумға сәттілік!», - деді Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы.
300-ге жуық қатысушысы бар жоба аясында суретші-ғалымдар тәжірибелерімен бөлісіп, тың идеяларын ортаға салып, өнерді ілгерілету және мәдени мұраларымызды сақтау жұмыстары үшін бірлескен іс-қимыл стратегиясы жасалды.
Екі күнге жоспарланған іс-шарада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Лариса Алдабергенова, Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы, «Сарайшық» республикалық музей-қорығы директорының орынбасары Жанар Диярова, тарих ғылымдарының докторы, «Сарайшық» музей-қорығының зерттеуші-ғалымы Ұлжан Төлегенқызы, шығармашылық топ жетекшісі, аға оқытушы Ғадылбек Мұратұлы, халықаралық PR және медиа консультант, арт-эксперт Айжан Көшкенова, «Дарын жастар» сыйлығының иегері, «Болашақ» бағдарламасының стипендиясының иегері, медиа зерттеуші, Америкадағы Kazunite компаниясының негізін қалаушы Назира Байырбекова сынды қоғам белсенділері баяндамалар жасап, өз ұсыныстарымен бөлісті.
«Америкада білім ала жүріп, деколонизация мәселесі жөнінде диссертация жазып жатырмын. Менің тақырыбым жобамен тікелей байланысты екенін түсініп, қызығушылық таныттым. Жоба арқылы сіздер жас ұрпақтың санасын жаңғыртуға ұмтылып жатырсыздар. Бұл – адамдардың рухани өсуі мен кемелденуіне жетелейді. Жобаны АҚШ ғалымдарымен бірлесе ұйымдастырамыз деген ойларыңыз болса, мен көмектесуге дайынмын! Жалпы, жоба барысы, өзектілігі ұнап тұр», - деп ыстық ықыласын білдірді медиа зерттеуші, Америкадағы Kazunite компаниясының негізін қалаушы Назира Байырбекова.
Іс-шара соңында жиынға қатысушылар пікір алмасып, симпозиумның екінші күнінде жүзеге асатын шаралар туралы мәлімет берілді.