Media Image

13 қараша 2024

Ғылым мен ынтымақтастықты дамытудағы тиімді қадам

  Абай орталығында «Халықаралық ғылыми ландшафтты талдау: өзекті деректер мен ақпараттық құралдар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның екінші күні өтті.
Бүгінгі конференция Clarivate компаниясымен тығыз өзара іс-қимыл және Web of science (WoS) платформасында жұмыс істеу, оның ресурстары мен құралдары, ғылыми мақала жазудың негізгі принциптері, озық тәжірибелер мен ғылыми-зерттеу институтына мақала жіберу барысында қателіктерге жол бермеу секілді күрделі мәселелерге арналды.
  Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Clarivate компаниясы бірлесе ұйымдастырған ғылыми жиында Clarivate компаниясының ТМД елдеріндегі ғылыми-техникалық ақпарат бөлімінің басшысы Валентин Богоров, радиациялық материалтану саласындағы ғылыми қызметкер, зерттеуші-ғалым Артем Козловский мазмұнды баяндамаларын қорғап, ғылыми мақала жариялаудың оңтайлы жолдарымен бөлісті. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ашық, сындарлы пікірталас орын алды.
Іс-шараның практикалық бөлігінде Clarivate компаниясының ТМД елдеріндегі ғылыми-техникалық ақпарат бөлімінің басшысы Валентин Богоров Web of science платформасының тұтас интерфейсін таныстырып, жеке парақшаны тіркеу мен дұрыс толтыру жолдарын, ғылыми жарияланымдарды іздеу мен жариялаудың ұтымды тұстарын көрсетті.
   «Бүгінгі конференция қазақстандық ғылым мен ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы тиімді қадамдардың тағы бір айғағы! Біздің осы бағыттағы тығыз ынтымақтастығымыз - университет ғалымдарының ғылыми идеялары мен жарияланымдарын табысты ілгерілетуге ықпал ететініне сенімдіміз. Ғылымның дұрыс бағытта дамуына үлес қосып жатырған Clarivate компаниясының өкілдеріне айрықша алғысымды айтамын!», - деп ризашылығын білдірді басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.
   Екі күнге созылған конференция соңында, Орталық Азия аймағы елдеріндегі Clarivate компаниясының ресми өкілі Инеш Кенжина, Clarivate компаниясының ТМД елдеріндегі ғылыми-техникалық ақпарат бөлімінің басшысы Валентин Григорьевич, Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов ғылыми жиынға қатысушы мамандарға Clarivate компаниясының атынан халықаралық сертификаттар табыстады.