Media Image
03.04.2026 16

Құқықтық мәдениет - жастар көзқарасында

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жас ұрпақ көзқарасымен: заң мен тәртіптің болашағы» тақырыбында конференция ұйымдастырылды. Іс-шара Атырау облыстық полиция департаментімен бірлесіп өткізіліп, оған университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту және қоғамдағы тәртіптің маңызын түсіндіру. Жиын барысында құқық қорғау саласының өкілдері қазіргі қоғамда өзекті болып отырған мәселелерге тоқталып, жастармен ашық пікір алмасты.

Спикерлер қатарында Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Даурен Мұханбеталиев, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Ідірісов және Атырау қаласы полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімше бастығы, полиция капитаны Айгерім Орақбаева болды. Шараға университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйла Ерболатқызы жетекшілік етті.

Конференция барысында университет студенттері де өз ой-пікірлерін ортаға салып, мазмұнды баяндамаларымен бөлісті. Атап айтқанда, «Білім беру жүйесіндегі информатика және АКТ» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Дана Махамбет «Көшбасшы белсенді болсаң – құқықбұзушылыққа бармайсың» тақырыбында баяндама жасаса. Ал Экономика және құқық факультетінің 3 курс студенті Нұрбибі Бисембаева «Әлеуметтік желідегі құқықтық мәдениет» тақырыбында сөз қозғады. Университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар мен жұмыс жөніндегі бөлімнің жетекші  маманы Эльвира Адилова «Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілетін жұмыстар» баяндады. Сондай-ақ, Экономика және құқық факультетінің «Құқықтану» мамандығының 2 курс студенті Диана Даулетова да өз пікірін білдірді.

 Кездесу барысында студенттерге зорлық-зомбылық, есірткі қылмыстары, интернет-алаяқтық, дропперлік және сталкинг секілді құқық бұзушылықтардың салдары мен заң алдындағы жауапкершілік кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, спикерлер нақты мысалдар келтіріп, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары туралы маңызды ақпарат ұсынды.

Іс-шара барысында студенттер өз пікірлерін ортаға салып, құқық қорғау органдарының өкілдеріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Мамандар өз кезегінде нақты әрі түсінікті жауап беріп, тәжірибелік тұрғыдан пайдалы мәліметтермен бөлісті.

📷 Дополнительные изображения