Медиа ресурстар
Ғылым мен өнеге тоғысқан мерейлі белес: Атырау университетінде қос профессорға құрмет көрсетілді
Жаңалықтар

Ғылым мен өнеге тоғысқан мерейлі белес: Атырау университетінде қос профессорға құрмет көрсетілді

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ғылым мен білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан айтулы тұлғалар физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Амангелді Дулатұлы Сариев пен биология ғылымдарының докторы, профессор София Зұлқарнайқызы Сағындықованың мерейлі жастарына арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген салтанатты мәжілісі өтті.

Жиынды Басқарма төрағасы- ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов ашып, мерейгерлердің университет қабырғасындағы қажырлы еңбегі мен білім ордасының дамуына қосқан айрықша үлесіне тоқталды. Салтанатты шара барысында өңір басшылығының арнайы марапаттары табысталды:
    •    Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен облыстық мәслихат төрағасы Мұса Өтешовтің шешімімен, ұзақ жыл бойы білім мен ғылымға қосқан елеулі үлесі үшін София Зұлқарнайқызы Атырау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
    •    Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов құттықтау сөз сөйлеп, Амангелді Дулатұлы Сариевке «Атырау облысының ардақты ардагері» атағын, ал София Зұлқарнайқызы Сағындықоваға «Хиуаз Доспанова» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады.

Сондай-ақ С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің атынан Дүйсенбек Орынғалиұлы сөз сөйлеп, аталған оқу орнының ректоры Гүлзада Таңірбергенқызы Шакуликова атынан қос мерейтой иелеріне Алғыс хат табыс етті.

Жиынға оффлайн және онлайн форматта еліміз бен шетелдің белгілі ғалымдары қатысып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Атап айтқанда, биология ғылымдарының докторы, профессор Айнаш Пахуошовна Науанова (Астана), профессор Гульжан Сенькина (Смоленск, Ресей), профессор Алтынбек Шарипбаев (Астана), физика-математика ғылымдарының кандидаты Ғалым Сыдықов (Алматы), профессор Худаверди Ганбаров (Баку, Әзербайжан), академик Аманкелді Саданов, сондай-ақ университет профессорлары Қосыбек Ирзағалиев, Шахман Нағымұлы, Ерсайын Уәлитханұлы, Бекет Кенжеғұлов құттықтау лебіздерін білдірді.

Сонымен қатар университет профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сания Ибрагимовна Камелова, София Зұлқарнайқызының ұстазы Зулипа Ғабдуллина және София Зұлқарнайқызының шәкірті Калампыр Абджаппаровна (Германия) да мерейтой иелеріне ақжарма тілектерін жолдап, олардың ғылымдағы орны мен адами болмысына ерекше тоқталды.

ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, композиторлар Қалдыбек Құрманәлі мен Гүлмайдан Сүндетова әсем ән мен жүрекжарды лебіздері арқылы ғалымдарға деген құрметтерін жеткізді.

Мәжіліс барысында бұл әулеттің тек ғылымда ғана емес, отбасылық құндылықтарды ұлықтауда да парасаттылықтың символы екені ерекше аталды. Төрт перзент тәрбиелеп, бүгінде ұрпақ қызығына бөленіп отырған ардақты ата-ана -көпке үлгі, өнегелі шаңырақ иелері.

Ғылым жолындағы адалдық пен отбасылық жарасымды ұштастырған қос профессордың мерейлі белесі осылайша жоғары деңгейде атап өтілді.