Бүгін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының студенттеріне арналған «Журналист мамандығындағы жасанды интеллект технологиялары: шындық және болашақ» тақырыбында қонақтық онлайн-дәріс ұйымдастырылды.
Дәрісті филология ғылымдарының кандидаты, доцент, В.Н. Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университетінің журналистика және медиакоммуникациялар кафедрасының меңгерушісі Галина Сергеевна Белолипская жүргізді. Өз сөзінде спикер журналистика саласында жасанды интеллектті қолданудың заманауи мүмкіндіктерін жан-жақты баяндап, жаңалық мәтіндерін автоматты түрде дайындау, мәтіндерді редакциялау, фактчекинг жүргізу, тақырыптар генерациялау, бейнемонтаж және дауыс синтезі сияқты бағыттарға ерекше назар аударды.
Қатысушылар арасында заманауи редакцияларда жасанды интеллект технологияларын енгізудің практикалық мысалдары, сондай-ақ медиа саласының цифрлық трансформация жағдайында журналист мамандығының болашағы туралы пікірталастар ерекше қызығушылық тудырды.
Кездесудің модераторы филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Еуразиялық телевидение және радио академиясының академигі Маншук Тынышқалиевна Мұқашева болды. Ол білім беру процесіне жаңа технологияларды енгізудің және болашақ журналистердің кәсіби даярлығында олардың маңыздылығын атап өтті.
Қонақтық дәріс кәсіби диалог жүргізу, тәжірибе алмасу және медиа саласындағы өзекті трендтерді талқылау үшін маңызды алаңға айналды. Қатысушылар жасанды интеллекттің бүгінгі таңда ақпаратты жасау мен тарату тәсілдерін қалай өзгертіп жатқанын, сондай-ақ болашақ журналистерге қандай құзыреттер қажет болатынын түсініп, құнды білім алды.