Атырауда инклюзивті білім берудің жаңа үлгісі іске асуда
2 сәуір – әлем бойынша аутизм туралы ақпарат тарату күні ретінде аталып өтеді. Бұл – қоғамда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға деген түсіністікті арттырып, оларды қабылдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды күн. Сонымен қатар, бұл күн әрбір баланың тең мүмкіндіктерге ие болуына жағдай жасау қажеттігін еске салады.

Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатқан маңызды орталықтардың бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Инновациялық білім беру факультеті, Психология және педагогика кафедрасы жанындағы «Дарын» инклюзивті білім беру ресурстық орталығы.
Аталған университеттің баспасөз хатшысы Самғат Қайраттың айтуынша, орталықтың басты мақсаты – болашақ арнайы педагогтар мен психолог мамандардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға сапалы әрі кәсіби қолдау көрсету. Бүгінде «Дарын» орталығы өңірдегі инклюзивті білім беру саласының маңызды ғылыми-тәжірибелік алаңына айналды.

Қазір орталық ерекше балалармен жүйелі түзете-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Студенттерге тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру бойынша ғылыми зерттеулер мен жобаларды іске асырады.
-2025–2026 оқу жылынан бастап Атырау облыстық №1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясымен жасалған меморандум аясында орталықта ерекше балаларға тұрақты түрде логопедиялық және психологиялық көмек көрсетілуде. Бұл – балалардың сөйлеу, қарым-қатынас және әлеуметтік бейімделу дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Орталық базасында түрлі ғылыми және тәжірибелік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, былтыр 2 сәуірде «Аутист балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің әдіс-тәсілдері» атты аймақтық форум өтті. Форумға Батыс өңіріндегі жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал 2025 жылғы 9 сәуірде Саймон Фрейзер университетімен бірлесіп «Инклюзивті білім беру және қоғам: әдіснама, зерттеу, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға шетелдік және отандық ғалымдар, зерттеушілер мен практик мамандар қатысып, инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, — дейді Самғат Қайрат.

Бүгінде психология және педагогика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары бірлесе әзірлеген ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың әлеуметтік-коммуникативтік дағдыларын дамытуға арналған модульдік психологиялық кешен патенттеуге ұсынылып, ғылыми сараптама кезеңінде қарастырылуда. Бұл – ғылым мен тәжірибені ұштастырған, қоғам үшін аса маңызды инновациялық жоба.
Жалпы алғанда, «Дарын» инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ерекше балаларға қолдау көрсетіп қана қоймай, болашақ білікті мамандарды даярлауға да зор үлес қосып келеді. Орталық алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырып, қоғамда тең мүмкіндік пен өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жандандыра түседі деген сенім мол.