Артқа қайту Университеттің тұрақты даму бағытындағы әріптестігі ұлттық деңгейде жоғары бағаланды
15 сәуір 2026

Университеттің тұрақты даму бағытындағы әріптестігі ұлттық деңгейде жоғары бағаланды

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті үшін тұрақты даму бағытындағы әріптестікті кеңейту – стратегиялық маңызы бар басымдықтардың бірі

Жуырда университетімізге Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтынан алғыс хат келіп түсті. Хатта университет өкілдерінің 2026 жылғы 10 сәуірде Астана қаласында өткен «Жоғары оқу орындарының Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға қосқан үлесі» тақырыбындағы дөңгелек үстелге белсенді қатысқаны жоғары бағаланды.

Аталған іс-шара барысында университетіміздің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры, білім саласын басқару бойынша доктор, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бахыт Омірханұлы Алтынбасов оқытушы рофессорлық құрам мен студенттердің ғылыми зерттеулерінің өңірдің тұрақты дамуына әсері, сондай-ақ олардың әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешудегі рөлі туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, жаратылыстану факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мансия Санаққызы Есенаманова экология және тұрақты даму салаларында кадр даярлау, білім беру бағдарламаларын іске асыру және өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған студенттік ғылыми бастамаларды қолдау бойынша университет тәжірибесімен бөлісті.

Мұндай ынтымақтастық университет үшін өте пайдалы. Біріншіден, ол жоғары оқу орнының сарапшылық әлеуетін ұлттық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Екіншіден, тұрақты даму саласындағы нақты мәселелерді талқылауға қатысу арқылы университет ғылым, білім және өңірлік даму арасындағы байланысты нығайтады. Үшіншіден, мұндай алаңдар жоғары білім беру жүйесінің мемлекет, бизнес және қоғам сұраныстарына жауап беретін жаңа серіктестік модельдерін дамытуға жол ашады.

Талқылау бөлімінде доктор Б. Алтынбасов университет пен өнеркәсіп ынтымақтастығының екі тарап үшін де пайдалы екенін атап өтті. Университет үшін мұндай өзара іс-қимыл білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеуге, студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға, қолданбалы зерттеулерді күшейтуге және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал өнеркәсіп үшін бұл ынтымақтастық жаңа идеялар мен ғылыми шешімдерге қол жеткізуге, салалық мәселелерді зерттеу арқылы тиімді ұсыныстар алуға, сондай-ақ өзіне қажетті білікті кадрларды даярлауға жағдай жасайды. Әсіресе Атырау өңірі үшін бұл бағыттың маңызы зор, өйткені мұнда экология, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жасыл технологиялар, кадр даярлау және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері өзара тығыз байланысты.

Баяндамада көтерілген осы мәселелер Экономикалық зерттеулер институты мен министрлік қызметкерлерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл, бір жағынан, өңірлік университеттердің тұрақты даму күн тәртібіне нақты үлес қоса алатынын көрсетсе, екінші жағынан, university-industry collaboration бағытының мемлекеттік деңгейде де өзекті екенін аңғартты. Қатысушылар мұндай бастамаларды жүйелеу және нақты ұсыныстарға айналдыру қажеттігін қолдады.

Осыған байланысты жақын арада кездесу қатысушылары тұрақты даму және университет–өнеркәсіп ынтымақтастығын дамыту бойынша өз ұсыныстарын министрлікке жолдауға келісті. Қазіргі уақытта осы бағыттар бойынша аналитикалық хат әзірленіп жатыр. Онда өңірлік жоғары оқу орындарының тұрақты дамуға қосатын үлесін күшейту, ғылым мен өндіріс байланысын тереңдету, сондай-ақ университеттердің сарапшылық және инновациялық әлеуетін тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстар қамтылатын болады. Мұндай бастамалар университет үшін де, өңір үшін де, жалпы елдің орнықты дамуы үшін де маңызды қадам болмақ.

Біз үшін мұндай серіктестік тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар университеттің стратегиялық дамуына, өңірлік мәселелерді шешуге және елдің орнықты болашағына үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды бағыт.