Артқа
Таубаев Бактибек Джубандикович
Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы
Өмірбаян
Экономика ғылымдарының кандидаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, экономика ғылымдарының профессоры, ғылыми-педагогикалық қызметте мол тәжірибесі бар көрнекті ғалым.
Ол 1959 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын «Агрономия» мамандығы бойынша, топырақтанушы-агрохимик біліктілігімен тәмамдаған. Ғылыми-педагогикалық қызметі барысында 1996 жылы экономика саласы бойынша доцент ғылыми атағын, 2006 жылы профессор ғылыми атағын иеленді. 2007 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.
Бақтыбек Жұбандықұлының ғылыми қызығушылықтары мемлекеттік басқару мәселелерін қамтиды. Ол 1992 жылдан бастап Х. Досмұхамедов атындағы университетте қызмет атқарып, білім беру мен ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Ғалымның еңбегі республикалық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. Ол 2005 жылы «Тыңға 50 жыл» медалімен, 2006 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2010 жылы «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. 2011 жылы І дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісіне ие болды. 2012 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын алды, ал 2015 жылы «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2018 жылы Атырау қаласы мен Астана қаласындағы ұйымдардан алғыс хаттармен марапатталды. 2019 жылы «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2025 жылы «Құрмет» орденімен наградталды.
Ғылыми қызметінде Бақтыбек Жұбандықұлы бірқатар іргелі еңбектердің авторы. Оның үш монографиясы – «Құмды шөлдердің жайылымдарын ұтымды пайдалану және басқару (Еділ-Орал құмдарының мысалында)», «Қазақстанның құрғақ жайылымдарын түбегейлі жақсарту кезінде Еділ-Орал өзендерінің топырақ құнарлылығын арттыру», «Еділ-Орал өзендерінің табиғи жайылымдарының жайылымдық әлеуеті мен өнімділігін арттыру тәсілдері» – ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына маңызды үлес қосады. Сонымен қатар «Атырау облысының агросекторының экономикалық әлеуетінің тиімділігін арттыру жолдары» және «Атырау облысының шағын және орта бизнесін дамыту» атты ғылыми жобалардың жетекшісі болды.