Артқа
Рахметов Жексенбек Салықұлы
сеньор-лектор
Өмірбаян
Рахметов Жексенбек Салықұлы — Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының сеньор-лекторы. 1961 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген.
1978–1982 жылдары Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет және графика факультетінде білім алып, бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі біліктілігін иеленді.
Еңбек жолын 1982 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Өрлік ауылындағы Х.Абаханов атындағы орта мектепте бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі ретінде бастады. 1982–1996 жылдары мектепте ұстаздық қызмет атқарып, жас ұрпаққа көркем білім мен эстетикалық тәрбие беруге үлес қосты. 1996 жылдан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қызмет етіп келеді. Университет қабырғасында көпжылдық педагогикалық тәжірибесін жалғастырып, «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасында аға оқытушы, кейін сеньор-лектор ретінде еңбек етуде.
Кәсіби қызметінде көркем білім беру, сурет, сызу, композиция және шығармашылық тапсырмалар арқылы студенттердің кәсіби шеберлігін қалыптастыруға ерекше назар аударады. Педагогикалық және әдістемелік бағыттағы жұмыстармен қатар, студенттердің олимпиадалық дайындығына жетекшілік етіп келеді.
Біліктілігін арттыру бағытында бірнеше кәсіби курстардан өткен. Атап айтқанда, 2016 жылы «Гуманитарлық мамандықтар үшін қашықтықтан оқыту технологияларын әзірлеу» және «Заманауи педагогикалық технологиялар» тақырыптарындағы біліктілікті арттыру курстарын тәмамдады. 2017 жылы университеттің «Балалар университеті» инновациялық білім беру жобасын жүзеге асыруға үлес қосты. 2024 жылы Финляндиядағы Хяме қолданбалы ғылымдар университетінің «Педагогикалық білім моделін енгізу және оның мазмұнын нығайту» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Көркем білім беру мен дизайндағы заманауи мәселелер» тақырыбындағы бағдарлама аясында біліктілігін арттырды.
Жексенбек Салықұлының жетекшілігімен студенттер республикалық пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2019 жылы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің XI Республикалық пәндік олимпиадасында «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша үй тапсырмасы, сызу, сурет және композиция шығармашылық тапсырмалары бағыттарында студенттер командасын дайындап, III дәрежелі дипломдарға ие болды.
Көпжылдық педагогикалық еңбегі мен кәсіби жетістіктері үшін бірқатар марапаттарға ие болған. Олардың қатарында Атырау қаласы әкімінің Алғыс хаты (2016), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғысы (2018), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Өнер, мәдениет және спорт институтына 50 жыл» мерекелік медалі (2019), «Университет дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі (2021), сондай-ақ шахматтан республикалық және қалалық жарыстардағы марапаттары бар. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған қалалық ашық шахмат турнирінде II орын иеленсе, 2022 жылы салалық кәсіподақтың ерлер арасындағы республикалық шахмат турниріне белсенді қатысқаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.