Артқа
Аманов Қамбарбек Хасенұлы

Аманов Қамбарбек Хасенұлы

аға оқытушы, ҚР Көркем академиясының академигі

Өмірбаян

Аманов Қамбарбек Хасенұлы — Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы Көркем академиясының академигі, КСРО Суретшілер одағының, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі. 1951 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келген. 1972–1976 жылдары Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде білім алып, суретші-педагог мамандығын меңгерді. Кейін 1976–1982 жылдары Мәскеу қаласындағы В.И. Суриков атындағы мемлекеттік көркемсурет институтында оқып, кәсіби суретші-кескіндемеші ретінде жоғары білім алды. Еңбек жолын 1982 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы театр және көркемөнер институтында оқытушы қызметінен бастады. 1983 жылы Қазақ КСР Көркемөнер қорының Гурьев қаласындағы көркемөндірістік шеберханасында еңбек етті. 1986 жылы Гурьев көркемөнер қорының көркемдік кеңесі мен шығармашылық секциясының төрағасы болып тағайындалды. 1999 жылдан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде аға оқытушы қызметін атқарып келеді. 2004 жылы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде бейнелеу өнері студиясында сабақ берді. 2009 жылдан бастап университеттің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасында аға оқытушы ретінде еңбек етуде. Кәсіби шығармашылық қызметінде бейнелеу өнері, кескіндеме, дизайн және көркем білім беру салаларына елеулі үлес қосқан. 1984 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшесі атанды. 1987 жылы Армениядағы Севан көлі жағасында өткен Бүкілодақтық кескіндемешілер пленэріне қатысты. 1988 жылы алғашқы жеке көрмесі ұйымдастырылды. 1989 жылы облыстық дизайн қорының бас дизайнері, 1997 жылы осы қордың директоры қызметтерін атқарды. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағына, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Көркем академиясына корреспондент-мүше болып қабылданды. Көпжылдық шығармашылық және педагогикалық еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Әбілхан Қастеев атындағы алтын медальмен (2018), Ахмет Байтұрсынұлы атындағы алтын төсбелгімен марапатталған. Сонымен қатар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған №34 төсбелгісімен (2025) марапатталған.