Артқа
Ахмет Аққали Қабижанұлы
Тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор.
Өмірбаян
1966 жылғы 6 наурызда Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1972–1973 оқу жылында Таңдай орта мектебіне қабылданып, 1982–1983 оқу жылында аталған білім ордасын табысты аяқтады. 1983 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне түсіп, 1990 жылы институтты тарих, қоғамтану және кеңестік құқық пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. 1984–1986 жылдары Қызыл Тулы Қиыр Шығыс әскери округінің (Владивосток) Әуе әскери күштері қатарында әскери міндетін өтеп, 1986 жылы әскерден оралғаннан кейін оқуын жалғастырды. Студенттік кезеңде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, 1987–1989 жылдары «Атырау» студенттік құрылыс жасақтары құрамында Орталық Азия газ құбыры желісінің Редут станциясы құрылысына және Литва КСР өндіріс орындарында еңбек етті.
Еңбек жолын 1990 жылы Атырау облысы Махамбет ауданындағы Махамбет мектеп-интернатында тарих және география пәндерінің мұғалімі ретінде бастады. 1991–2001 жылдары Махамбет және Исатай аудандарындағы білім беру ұйымдарында тарих, қоғамтану және құқық пәндерінен дәріс беріп, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Педагогикалық қызметінде жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мен өлкетану жұмыстарын дамытуға үлес қосып, Исатай ауданында туристік-өлкетану бағытының бастамашыларының бірі болды. 1993 жылы Ақмола қаласында өткен «Атамекен» тарихи-танымдық бағдарламасы аясындағы республикалық өлкетану слетіне шәкірттерімен қатысып, мектептегі өлкетану жұмысын дамытудағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Педагогикалық қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталды. Кейінгі жылдары ғылыми-әдістемелік байқауларда жүлделі орындарға ие болып, «Жыл мұғалімі» және «Ауданның жыл тарихшысы» конкурстарының жеңімпаздары қатарынан көрінді. Оқушылардың пікірсайыс қозғалысына қатысуын ұйымдастырып, олардың республикалық деңгейдегі жарыстарға шығуына ықпал етті. 2000 жылы «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлағат бастауы» атты оқу-әдістемелік бейнефильмі республикалық конкурста І орын алып, ҚР ББЖ КБАРИ ақпараттық-әдістемелік орталығының қорына енгізілді. Сол жылы халықаралық конференцияларда баяндама жасап, «Сорос-Қазақстан» қоры ұйымдастырған жобалық байқауда грант иеленді.
Ғылыми-педагогикалық қызметінің нәтижелері ескеріліп, 2001 жылдан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде еңбек етуде. 2001–2003 жылдары Заң факультеті деканының әлеуметтік-тәрбие істері жөніндегі орынбасары, 2003–2004 жылдары Тарих-филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. 2004–2006 жылдары Экономика, қаржы және басқару факультетінің, 2006–2011 жылдары Заң факультетінің деканы қызметін атқарды. Университеттегі басқарушылық қызметімен қатар ғылыми ізденістерін жалғастырып, 1998 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ізденушісі ретінде тіркеліп, 2003 жылы «Қаратай Нұралыұлының қоғамдық-саяси қызметі (1771–1826 жж.)» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын, 2010 жылы «Қазақстандағы мұрағат құрылысының тарихы (1918–1991 жж.)» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 2011–2014 жылдары университет проректоры, 2014–2015 жылдары З.Қабдолов атындағы зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, 2015–2017 жылдары факультет деканы қызметтерін атқарды. 2017 жылдан бастап университет жанындағы «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры әрі жетекшісі.
Аққали Қабижанұлы ғылыми-зерттеу және ұйымдастырушылық қызметімен қатар кәсіби біліктілігін жүйелі түрде жетілдіріп отырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Өрлеу» ұлттық орталығы базаларында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 2006 жылдан Гуманитарлық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі және ҚР Журналистер одағының мүшесі болып табылады. Ғылыми жобалар мен гранттық бағдарламаларға қатысып, ұлттық идея, өлкетану және тарихи мұра мәселелеріне арналған зерттеулер жүргізді. Ғалымның жетекшілігімен және авторлығымен монографиялар, оқу құралдары, деректер жинақтары жарық көріп, республикалық және халықаралық басылымдарда 200-ге жуық ғылыми мақала жарияланды. Қазақстан және Ресей қалаларындағы архив қорларында жүйелі ғылыми ізденістер жүргізді.
Ғылыми-педагогикалық қызметіндегі жетістіктері үшін Атырау қалалық мәслихатының Құрмет грамотасы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, сондай-ақ 2023 жылы «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградасымен марапатталды. 2020 жылғы Президент Жарлығына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрамында жұмыс тобының жетекшісі ретінде архивтік зерттеулер жүргізді. Сонымен қатар қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, 1999–2003 жылдары Исатай және Махамбет аудандық мәслихаттарының депутаты болды.
Еңбектері:
1. Қаратай хан –Алматы: «Арыс», 2007. Монография.
2. История Казахстана в источниках зарубежных архивов (по материалом Государственного архива Астраханской области РФ). – Атырау. 2007.
3. Атырау өңірі тарихы: өткені мен бүгіні. Оқу құралы -Атырау: «Атырау-Ақпарат», 2009.
4. Қазақстандағы мұрағат ісі құрылысының тарихы 1918-1991 жж. Монграфия, Алматы: «Елтаным» 2013.
5. Өлке тарихынан» (Өлкетану пәні бойынша студенттерге арналған оқу құралы) – Атырау, 2014.
6. Мұрағат әлемінің тарихы. Оқу құралы -Астана: «Фолиант» 2015.
7. Қазақстандағы архив ісі – Алматы: ЖШС «Лантар Трайд», 2018. Монография.
8. Стенограмма по вопросу определения характера движения пол предводительством Джанхожи Нурмухамедова. 10-17 октября 1952 г. Редактор д.и.н., доцент А.К.Ахмет. Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС, 2018.
9. Қазақ хандығы құрылымындағы билер, батырлар, қожалар, жасауылдар, аталықтар және тархандар институттары: олардың қызметі және жойылуы (ХV-ХІХ ғғ.). Монография. (Авторлық бірлікте). – Алматы: «Арыс». 2020.
10. Өлке тұлғалары тарихынан (ХVІІІ-ХІХ ғғ.). (Авторлық бірлікте) – Алматы: «Арыс», 2020.
11. Қазақстандағы архив ісінің тарихы (1918-1991 жж.) 2-ші басылым. Монография. – Алматы: «Medet Group» ЖШС. 2022.
12. История Атырауского края на страницах местной периодической печати в 1915-1918 гг.: Сборник документов из фондов Российской государственной библиотеки – Алматы: «Medet Group» ЖШС. 2022. 13. Movement under the chair of Jankhozha Nurmukhamedov. Stenogramma October 10-17, 1952. Almaty LLP: «Medet Group», 2022. – 280 р. / А.К.Ахмет Движения под предводительством Джанхожи Нурмухамедова. Стенограмма 10-17 октября 1952 г. – Алматы: «Medet Group» ЖШС. 2022.
14. Политические портреты лидеров Младшего жуза в ХVІІІ – І половины ХХ веков в отечественной и зарубежной историографии (Коллективная монография). – Алматы: ИП «Мадияр», 2022.
15. Политические портреты лидеров Младшего жуза в ХVІІІ – І половины ХХ веков в отечественной и зарубежной историографии: библиографический аннотированный указатель – Алматы: ТОО «ARNAU Print», 2022.
16. Атырау» – баспасөз айнасы / Мақалалар жинағы. Атырау: «Атырау – Ақпарат», 2023.
17. Атырау әйелдерінің тылдағы жанқиярлық ерлігі «Социалистік құрылыс» газеті бетттерінде (1941-1945 жж.). – Атырау: «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті». 2025.
18. Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институты (1940-1941 жж.). Құжаттар мен материалдар / Гурьевский государственный учительский институт 1941-1941 гг. Архивные документы и материалы. – Алматы: «Арыс» . 2025.
Халықаралық, республикалық конференцияларда баяндамалар жасаған және шетелдік (Ресей, Қырғызстан, Қытай), республикалық басылымдарда 200-ден астам ғылыми мақалалары жарияланған.