Тау тұлғалы Тауман Амандосов: Атырау университетінде тағылымды ғылыми семинар өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қазақ журналистикасының көрнекті ғалымы, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Тауман Салықбайұлы Амандосовтың 105 жылдығына арналған «Тау тұлғалы Тауман Амандосов» атты ғылыми-практикалық семинар өтті.
Ғылыми іс-шараны Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің деканы Сәлімгерей Болатқалиұлы мен Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Өмірбек Қадырханұлы ашып, ғалым мұрасын насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Олар Тауман Амандосовтың қазақ журналистикасы ғылымының қалыптасуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, бүгінгі жас журналистер үшін оның шығармашылық және ғылыми жолы үлкен мектеп екенін айтты.
Шараның мақсаты – қазақ журналистикасының теориялық негізін қалаушылардың бірі болған ғалымның өмір жолы мен мол мұрасын насихаттау, оның ғылыми еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету және ұлттық журналистика тарихындағы орнын айқындау. Семинар барысында Тауман Амандосовтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнеролик көрсетіліп, ғалымның қазақ журналистикасы тарихы, баспасөз жанрлары мен публицистика теориясына қосқан ғылыми үлесі кеңінен таныстырылды.
Іс-шараға арнайы қонақтар қатысып, ғалым тұлғасы туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, мәдениет қайраткері Балмағамбетов Исатай Құндызбайұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері Төлеуішов Әбілхан Сейтімұлы, университет түлегі, филолог, «Атырау Рауан» қорының директоры Әди Жоламанұлы сөз сөйлеп, Тауман Амандосовтың қазақ руханияты мен журналистика ғылымындағы орнына тоқталды. Сонымен қатар ғалымның шәкірттері, Х.Досмұхамедов атындағы университеттің сеньор-лекторлары Ләззат Қабдірқызы мен Гүлнар Базарбайқызы ұстаз жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның шәкірт тәрбиелеудегі ерекше болмысын атап өтті.
Шара аясында Тауман Амандосов атындағы орта мектеп директоры Разиева Майра Серікқалиқызы сөз алып, білім ордасында ғалым мұрасын дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Іс-шараның екінші бөлімінде студенттер мен оқушылар дайындаған үздік бейнероликтер көрсетіліп, семинар соңында эссе және бейнеролик байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Үздік бейнеролик байқауы бойынша:
• I орын – журналистика мамандығының 3-курс студенті Сәнім Марат
• II орын – 2-курс студенті Қалмағамбетова Малика (жасанды интеллект арқылы дайындалған бейнеролик)
• III орын – Болатова Сабина
Үздік эссе байқауы бойынша:
• I орын – 3-курс студенті Әділет Амангелді
• II орын – 2-курс студенті Қарақат Сәкенқызы
• III орын – 1-курс студенті Амангелді Данагүл
Ғылыми-практикалық семинар соңында ұйымдастырушылар Тауман Амандосовтың өмірі мен еңбегі – ұлттық журналистика ғылымының темірқазығы, кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге екенін атап өтті.
📷 Дополнительные изображения