
21 қараша 2024
Басқарма төрағасы-ректор С.Идрисов студенттермен ашық кездесу өткізді
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті басшылық пен студенттер арасындағы ашық саясатын ұстанады. Осы ұстаным негізінде екі күн бойы басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов Көптілді білім беру, Экономика және құқық, Гуманитарлық ғылымдар және өнер, Физика, математика және ақпараттық технологиялар, Жаратылыстану ғылымдары, Инновациялық білім беру факультеттерінің студенттерімен ашық кездесу өткізді.
Барлық жағдай еркін айтылуы үшін кездесу тек ректор мен студенттер арасында өтті.
Ашық кездесу барысында білім алушылар сұрақтарын қойып, сыни көзқарастарын, маңызды ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, креативті идеялар, стартап жобалар ұйымдастыру туралы ойларымен бөлісіп, мағыналы пікірталас өрбіді.
Білім алушылардың басшылыққа өз ұсыныс-пікірлерін еркін жеткізіп, қалыс қалған жағдайларды ашық баяндауға мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылған жиында университет ректоры Саламат Идрисов айтылған ұсыныстарды қабылдап, оң көзқарас таныта отырып, сұрақтарға толымды жауап беріп, көтерілген мәселелердің оңды шешілуін өз басшылығына алды. Кейбір мәселелердің шешілу мерзімі ұзақ уақытты талап ететінін ескерте отырып, тиісті құрылымдық бөлімшелерге тапсырма беріп, жіті қадағалайтынын жеткізді.
Студенттер осы күнге дейін өздеріне көрсетілген қолдау мен мүмкіндіктер үшін университет басшылығына ризашылықтарын білдірді.