Media Image
19.02.2026 3

"Атырау" газеті: STEM мен жасанды интеллект — мектепке дейінгі білімдегі тың серпін

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Мектепке дейінгі білім беруде STEM, экология және цифрлық технологияларды интеграциялау» тақырыбында мектепке дейінгі мекеме педагогтерінің III республикалық слеті өтті. Ауқымды іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, колледж және мектепке дейінгі мекеме педагогтері бас қосты.
Слеттің негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім берудің өзекті бағыттарын талқылау, білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту және педагог-тәрбиешілердің кәсіби мәртебесін арттыру.
Пленарлық отырысты университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов ашып, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі жаңашыл бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Ол ерте жастан берілетін сапалы білім – ел болашағының берік іргетасы екенін атап өтті.

Жиын барысында жетекші ғалымдар мен сала мамандары мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті профессоры Ақгүл Жұбандықова жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы болашақ тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін дамыту мәселесін көтерді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманова мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жетілдірудің негізгі бағыттарын саралады.

Ғылыми пікір алмасу алаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мектеп жасына дейінгі балалардың ерте кәсіби бағдарлануы мен эмоционалдық интеллектісін қалыптастыруға қатысты тың ғылыми тұжырымдарын ұсынды.
 

Слет аясында STEM, экология және цифрлық технологияларды ықпалдастыру негізінде балалардың ерте дамуына бағытталған инновациялық білім беру экожүйесі таныстырылды. Қатысушылар заманауи педагогикалық тәсілдер, цифрлық трансформация үдерістері және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолдары бойынша тәжірибе алмасты.

Түстен кейін өткен секциялық отырыстарда мектепке дейінгі білім беруді цифрлық трансформациялау, Eco-балабақша моделі, цифрлық көшбасшылық және цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы нақты тәжірибелер ұсынылды.

Слет қорытындысында белсенді қатысушылар марапатталып, сертификаттар табысталды. Ауқымды іс-шара мектепке дейінгі білім беру жүйесінде инновациялық бағыттарды дамытуға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және тәжірибе алмасуға тың серпін берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық деңгейдегі мұндай кездесулер білім беру саласындағы озық тәжірибелерді кеңінен таратуға және педагогтердің кәсіби дамуына жүйелі қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Мәлике МӘЛІК

https://atr.kz/bilim/stem-men-zhasandy-intellekt-mektepke-dejingi-bilimdegi-tyn-serpin/