Media Image
18.02.2026 10

Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің III республикалық слеті өтуде

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Мектепке дейінгі білім беруде STEM, экология және цифрлық технологияларды интеграциялау» тақырыбындағы мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің III республикалық слеті өтуде.

Іс-шараның мақсаты – мектепке дейінгі білім беру жүйесінде заманауи білім беру технологияларын, STEM бағыттарын, экологиялық мәдениетті және цифрлық құралдарды тиімді кіріктіру тәжірибелерімен алмасу, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Слеттің ашылуында Атырау университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Ералыұлы құттықтау сөз сөйлеп, мектепке дейінгі білім беру – тұлғаның жан-жақты дамуының негізі екенін атап өтті. Ол қазіргі таңда педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру мен инновациялық экожүйе қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Слет жұмысын Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті инновациялық білім беру факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Мұханбетжанова жүргізді. Бағдарлама аясында еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының ғалымдары мазмұнды баяндамалар жасады.

Онлайн форматта қатысқан спикерлер қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, п.ғ.д. Сайра Жиенбаева  «Мектепке дейінгі жаста эмоционалдық интеллекттің қалыптасуы онтогенез контексінде» тақырыбында баяндама жасап, баланың ерте даму кезеңіндегі психологиялық ерекшеліктерге ғылыми талдау ұсынды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институты директоры Мария Ерманова «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жетілдірудің негізгі бағыттары» тақырыбында сөз сөйлеп, мемлекеттік саясат пен білім беру мазмұнын жаңғыртудың басым бағыттарын атап өтті.

Жиын барысында:
* Ақгүл Жұбандықова (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) «Жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы болашақ тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбында баяндама жасап, педагог кадрларды даярлауда цифрлық құралдарды тиімді қолдану мәселесін көтерді;
* Гүлбану Абитова (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) «Мектеп жасына дейінгі балаларды ерте кәсіптік бағдарлаудағы заманауи тәсілдер» тақырыбында мазмұнды ой бөлісті;
* Фариза Кинжибаева (Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті) «STEM, экология және цифрлық технологияларды интеграциялау негізінде балалардың ерте дамуына арналған инновациялық білім беру экожүйесі» тақырыбында баяндама жасап, аймақтық тәжірибелер мен ғылыми жобаларды таныстырды.

Баяндамаларда жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы болашақ тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін дамыту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жетілдірудің негізгі бағыттары, ерте кәсіптік бағдар берудің заманауи тәсілдері, мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалдық интеллектінің қалыптасуы, сондай-ақ STEM, экология және цифрлық технологияларды интеграциялау негізінде инновациялық білім беру экожүйесін қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Сонымен қатар Атырау қаласының №43 «Арман» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері дайындаған балалар қойылымы қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Педагогтер өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи платформалар мен цифрлық ресурстарды тиімді қолдану жолдарын көрсетті.

Слет қорытындысында қатысушылар марапатталып, сертификаттар табысталды. Республикалық деңгейде өткен бұл маңызды басқосу Атырау қаласында мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға бағытталған кәсіби диалог алаңына айналып, саланың әрі қарай дамуына серпін берді.

📷 Дополнительные изображения