Media Image
03.02.2026 8

"Атырау" газеті: Атырау университетінде конституциялық реформаның маңызы талқыланды

Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Конституциялық реформа: қоғамдық диалог және Президенттің жаңа бастамалары» тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысып, елдің қоғамдық-саяси дамуы үшін маңызы зор конституциялық реформаның мазмұны мен мәнін кеңінен талқылады. Жиынды университеттің басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов ашып, қоғамдық диалогтың мемлекет дамуы жолындағы шешуші рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ұлттың рухани тірегі мен тарихи жадысын айқындайтын негізгі құндылық. Ректор жаңартылған Конституцияның преамбуласында білім, ғылым, инновация және адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде белгіленуі Қазақстанның болашағын саналы, білімді ұрпақпен байланыстыратынын атап өтті.
“Дөңгелек үстел” барысында «Х.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Сайполла Сапанов, Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан, Азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушылары, заң магистрлері Венера Наурызова мен Гүлмира Бахшатова мазмұнды баяндамалар жасады. Сондай-ақ педагогика ғылымдарының докторы Асхат Иманғалиев пен тарих ғылымдарының докторы Жамиға Таңатарова өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Сайполла Сапанов конституциялық референдумдарға тарихи шолу жасап, биылғы референдумның елдегі саяси жаңғыру үдерістерінің заңды жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықтың тікелей қатысуы қабылданатын шешімдердің легитимділігін арттырып, қоғамдық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

 

Мәлике МӘЛІК

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

https://atr.kz/zhanalyqtar/atyrau-universitetinde-konstituciialyq-reformanyn-manyzy-talqylandy/