"Атырау" газеті: Жаңа Конституция – болашақтың бағдаршамы
Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жаңа Конституция жобасын талқылау қызу жүріп жатыр. Мемлекет басшысы қоғамнан 4000-ға жуық ұсыныс түскенін ескере отырып, референдум мерзімін кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. Бұл – конституциялық өзгерістердің кең қоғамдық талқылаудан өтіп, жан-жақты саралануына берілген маңызды мүмкіндік.
Қазіргі талқылаулардың өзегінде елдің саяси жүйесін құрылымдық тұрғыдан жаңғырту мәселесі тұр. Атап айтқанда, вице-президент институтын енгізу, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып Халық кеңесін құру, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту сияқты бастамалар қоғам назарында. Сонымен бірге Конституция преамбуласында ғылым-білім, инновация және мәдениеттің стратегиялық маңызын айқындау туралы ұсыныстар да ерекше қолдау табуда. Өйткені елдің ұзақ мерзімді дамуы ең алдымен білімді, ғылыми ой-санасы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеумен тығыз байланысты.
Алдағы кезеңде цифрландыру, жасанды интеллект, жоғары технологиялар саласын қарқынды дамыту үшін бұл бағыттардың конституциялық деңгейде айқындалуы – уақыт талабы. Жаңа жобада мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін одан әрі нығайту мәселесінің де кеңінен талқыланып жатқаны қоғамның ұлттық мүддеге деген жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді.
Қоғамдық пікірлер мен ұсыныстарды жан-жақты саралаған Конституциялық комиссия мен кеңес қорытындысында ел болашағына қызмет ететін оңтайлы шешім қабылданады деп сенеміз. Ең бастысы – қабылданатын Конституция бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың да сұранысына жауап беретін, елдің стратегиялық дамуына бағытталған шынайы Ата Заң болуы тиіс.
Сайфолла САПАНОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы
https://atr.kz/kozqaras/zhana-konstituciia-bolashaqtyn-bagdarshamy/