Атырауда Алаш қайраткері Уәлитхан Танашевтың мұрасы жаңа деректер негізінде талқыланды
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Алаш қайраткері Уәлитхан Танашевтың өмірі мен қызметі: жаңа деректер мен зерттеулер» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ғылыми жиын ХХ ғасыр басындағы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу үдерісінде елеулі рөл атқарған қоғам қайраткері, заңгер, Алаш қозғалысының өкілі Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашевтың өмір жолын заманауи ғылыми тұрғыда қайта зерделеуге арналды.
Конференцияны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов ашып, тарихи тұлғаларды жаңа деректер арқылы танудың маңызын атап өтті. Жиында Сумгаит мемлекеттік университетінің ғалымдары -PhD докторы Юсуфали Хасанов, экономика ғылымдарының докторы Шафа Алиев және Ташеновтар әулетінің келіні Гүлмира Тащянова құттықтау сөз сөйлеп, маңызды пікірлер білдірді.
Конференция барысында Қазақстан мен шетелден келген тарихшылар Уәлитхан Танашевтің қоғамдық-саяси қызметіне, Алаш Орда кезеңіндегі күрделі тарихи үдерістерге қатысты өз зерттеулерін ұсынды. Атап айтатын болсақ , Атырау университетінің профессоры, т.ғ.д. Жамиға Таңатарова баяндамасында У.Танашевтың өмірі мен қызметіне қатысты тың деректерге тоқталды.
Татарстан Республикасы Ғылым академиясының Ш. Марджани атындағы Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Марина Имашева (онлайн) Астрахань облыстық мемлекеттік архиві құжаттары негізінде Танашевтің өмірінің Астрахань кезеңін талдады.
Алаш қозғалысы тарихындағы жер мәселесі профессор Ұзақбай Исмагуловтың баяндамасында кеңінен қозғалды. Ал Әуезхан Шашаев қазақ жерлерінің ҚазКСР құрамына қосылу үдерісін тарихи тұрғыда саралады. Сонымен қатар татар және қазақ қоғамындағы Танашев тұлғасына қатысты дереккөздер туралы Халида Багаутдинова (онлайн) баяндаса, Жаһанша Досмұхамедовтың мемлекеттік қызметі туралы профессор Алдар Сарсенов тарқатты.
Профессор Аққали Ахмет Уәлитхан Танашевтің шекара мәселесін шешудегі қызметіне тоқталса, Серік Қуаныш қазақ кеңестік басқарушы элитасының қалыптасу эволюциясын, ал Райса Тастемирова архив қорларындағы У.Танашевке қатысты құжаттарды таныстырды. Конференция жұмысы дінтанушы Ернар Абзалұлының Алаш қайраткерлерінің әлемдік мұсылмандық қозғалыстағы рөлі жөніндегі баяндамасымен түйінделді.
Халықаралық конференция Уәлитхан Танашевтің тарихи тұлғасын терең тануға, оның қазақ қоғамының саяси және құқықтық дамуына қосқан үлесін жаңа қырынан ашуға мүмкіндік берді.