Бүгін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Қоғамдық кеңесінің жаңадан сайланған төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Бейбіт Мамраев Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қоғамдық қабылдау өткізді (https://www.facebook.com/share/p/1DXS5MY3fE/?mibextid=wwXIfr).
Қоғамдық қабылдауға келген университеттің профессор-оқытушылары және қызметкерлері жоғары білім саласындағы маңызды өзгерістер, білім бағдарламаларын өзектендіру, ғылыми зерттеулер жүргізудегі аймақтың үлесі бойынша ұсыныстар айтты. Соңғы жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ғылыми-зерттеулердің ауқымы өсіп, халықаралық байланысы нығайып, әлемдік білім кеңістігінде танымалдылығы өсті. Аймақ ғалымдарының педагогикалық мамандар дайындау және инклюзия мәселесі, ЖИ, Каспий теңізі экологиясы, балық және ауыл шаруашылығы саласында ғылыми-зерттеулері жалпы отандық ғылымның дамуына үлес қосуда.
Осы орайда қоғамдық қабылдауға келген ғалымдар университеттің апатты деп танылған жатақханасы мен оқу ғимаратының орнына жаңадан студенттер үйін және оқу-зертханалық ғимарат салудың ұзаққа созылып кетуіне алаңдаушылық білдіріп, аталған мәселені қоғамдық кеңестің назарына алуды сұрады.