Media Image
10.10.2025 87

Жұмекен жырлары - ғасыр үні 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимн авторы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Жұмекен жырлары - ғасыр үні» атты республикалық конференция өткізілді.

Жиын тізгінен қолына алған облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов «Менің Қазақстаным» әні ақынның 21 жасында жазылған. Жұмекен - қазақтың кең-байтақ даласынан шығып, болмыстың терең сырларын айқара ашып түсіндірген философиялық ойлардың иесі, прозалық туындылары арқылы парасаттылықтың шыңын көрсетіп кеткен тұлға» деп ерекше атап өтті. Танымал ақын тұлғасы мен мұрасын насихаттауды мұрат еткен игі шарада Мәдениет және ақпарат министрі Балаева Аида Ғалымқызының құттықтау хаты оқылып, Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университеті ректоры Қ.М.Тіреуов жолдаған сый-сияпат табыс етілді.

Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде ақынды «Ашақта (Құрманғазы ауданы Қошалақ құмының Ашақ деген жері – Ж.Нәжімеденовтің туған жері) бұйра-бұйра құмдардың арасында туып, сондағы бұта-бұтамен, құмның сусылымен сырласып өскен, содан да өлеңдері қоңыр туған» деп сипаттай келіп, Жұмекен шығармашылығынан оның «Төбемде бұлттар жарысты» «Қыран-қия» өлеңдері мен Мәскеуде жазылған «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдарына тоқталып өтті. Мереке Әбдешұлы атап өткендей, Жұмекенмен қатар танылған Қадір, Тұманбай үшеуі де алғашқы қадамдарынан-ақ қазақ әдебиетіне өзгеше леппен енген, бөлек ақындар екенін байқатқан. Алдағы уақытта Алматыда үш ақынға қатар арналған ауқымды кеш өткізіп, алғашқы шығармаларын басып шығару жоспарланып отыр екен.

Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері, «Атырау облысының Құрметті азаматы» Сәрсенбай Еңсегенов Жұмекенді әдебиеттетке жетелеген Әбу Сәрсенбаевтан бастап, өмір жолында кездескен, қолдаған бірқатар жандарды атап өтіп, Жұмекеннің қайсар, турашыл мінезін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ақынның кеңес өкіметінің тұсында баласына Мағжан есімін қоюы және оны бір жасқа толғанда Мағжанның әйеліне ертіп апаруы көзсіз ерлік болатын.

Бұдан әрі, ерекше руханият кешінде ақын, жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлының «Ұлт ұраны және Ұлы ақын» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, Мереке Әбдешұлы мен ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова жаңа еңбектің лентасын қиды.

Шарада ақын, жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлы «Ұлт ұраны және Ұлы ақын», ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржан «Ж.Нәжімеденов шығармашылығы туралы сөз», сыншы, публицист, жұмекентанушы Амангелді Кеңшілікұлы «Жұмекен – ұлт ақыны», Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, жұмекентанушы Қадір Жүсіп «Жұмекен - биік тұлғалы талант» тақырыбында баяндамалар оқыды. Жұмекентану ғылымын жандандырып, сан қырлы шығармашылығын әлі де толықтырып зерттеу керектігі айтылып, талқыланды.

Жұмекен ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова әкесінің туған жерін ерекше құрметтеп, көп жырлағанын айта келіп, ол кісінің шығармашылығы бойынша кинофильм түсірілсе деген арманы барын жетізді.

Конференция сөзінде ақын мұрасын насихаттау және зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мақсатында Атырау өңірінде «Жұмекен орталығын» құру, Жұмекентану бағытын дамыту мақсатында республикалық әдеби байқау, «Жұмекен оқуларын» жыл сайын ұйымдастыру, ақынның шығармашылығын, кітаптарын әлемдік деңгейде насихаттау жөнінде қаулы қабылданды.

file
file