
30 маусым 2025
Атырау университеті мен Түркияның Карабюк университеті ынтымақтастықты кеңейтуде
Карабюк университеті — 2007 жылы Түркияда құрылған мемлекеттік жоғары оқу орны. Университет құрамында 16 факультет пен 4 институт бар. Ол Erasmus+ бағдарламаларына және Болон процесіне белсенді қатысады.
Карабюк университетінің делегациясы Атырау университетінде болып, 2026 жылға жоспарланған ICATCES (International Conference on Advanced Technologies, Computer Engineering and Science) атты V Халықаралық конференцияны бірлесе ұйымдастыру мәселелерін талқылауда.
Бүгін университет өкілдері Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисовпен кездесті. Алдағы конференция Атырау университеті базасында өткізіледі деп жоспарланып отыр және бұл кездесу ғылым, техника және білім беру салаларындағы табысты ынтымақтастықтың жалғасы болмақ.
Делегация құрамында компьютерлік инженерия кафедрасының меңгерушісі, профессор Огуз Фындык және жасанды интеллект тобының жетекшісі, доцент Хакан Кутуджу бар. Бұл ғалымдардың Атырау университетімен бірлескен жобаларда, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелдік мамандарды тарту бағдарламасы аясында тәжірибесі бар.
Карабюк университеті өкілдерінің бұл сапары — екі университет арасындағы жоғары сенім мен ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті дамытуға деген ұмтылыстың айқын дәлелі.
