Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғат алдындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған GREEN CAMPUS экофестивалі өтті.
Табиғат пен технологияны, шығармашылық пен саналы тұтынуды тоғыстырған фестиваль аясында студенттер мен оқытушыларға арналған танымдық, шығармашылық және интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылды. Әр факультет қоршаған ортаны қорғауға арналған өзіндік бастамаларын ұсынып, экологиялық мәселелерді шешудің тың жолдарын көрсетті.
Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері интерактивті Eco Zone алаңын ұйымдастырды. Мұнда экологиялық мәселелерді цифрлық технологиялар мен заманауи IT шешімдер арқылы шешуге бағытталған инновациялық жобалар таныстырылды.
Атап айтқанда, фестиваль барысында «Atyrau Pulse», «Taza AI», «ECO Atyrau» және «ECO MAP» жобалары таныстырылды. Студенттердің жобалары экологиялық мәдениетті нығайтуға, қоршаған ортаны қорғауға, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және цифрлық мүмкіндіктерді қоғам игілігіне тиімді пайдалануға бағытталды. Жас өнертапқыштар табиғатты қорғау ісінде технологияның мүмкіндігі зор екенін нақты идеяларымен көрсетті.
Инновациялық білім беру факультетінің студенттері тұрмыстық қалдықтарға «екінші өмір» сыйлаған ерекше эко-көрме ұйымдастырды. Көрмеге қағаз, пластик және өзге де қайта өңдеуге жарамды материалдардан жасалған шығармашылық бұйымдар қойылды. Бұл жұмыстар қажетсіз көрінген заттардың өзі қиял мен шеберліктің арқасында пайдалы әрі көркем дүниеге айналатынын көрсетті.
Көптілді білім беру факультетінің студенттері ECO SWAP жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде қатысушылар өздеріне қажет болмай қалған заттарды басқаларға пайдалы бұйымдарға алмастырды. Мәселен, оқып болған кітабын тапсырып, орнына бұрын оқымаған басқа кітапты алуға мүмкіндік алды. Бұл бастама саналы тұтынуды насихаттап, заттарды қайта пайдаланудың тиімді әрі қызықты үлгісін көрсетті.
GREEN CAMPUS эко-фестивалі студенттердің экологиялық бастамаларын қолдап, жасыл болашақ құру жолындағы тың идеялар мен ортақ жауапкершіліктің маңызды алаңына айналды.