Медиа ресурстар
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ
Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Қоғамдық кеңестің және Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Бейбіт Баймағамбетұлы Мамраев Атырау облысының Әкімі Болат Оралұлы Ақшолақовпен кездесті. 

Кездесу барысында тараптар Атырау университетінің келешек дамуына  қатысты жоспарларды талқылады. Университет мыңға жуық профессор – оқытушылары мен қызметкерлері, 9 мыңдай білімалушылары бар облыстағы жүйеқұраушы ірі мекеме әрі өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына мамандар дайындап отырған жоғары оқу орны. Жыл сайын университет студенттерінің саны, оның ішінде шетелдік білімалушылардың да  саны артып келеді. Атырау университетінің халықаралық деңгейдегі және қазақстандық жоғары оқу орындары  арасындағы рейтингтері артып отыр. Алайда бүгінгі таңда оқу орнында ғылыми зерттеулер мен инфрақұрылымына қатысты бірқатар өзекті мәселелер бар. 

Өңірдегі білім мен ғылымды дамытуға қатысты жоспарларымен  бөліскен Директорлар кеңесінің төрағасы университетке замануи оқу-зертханалық  ғимараттың және студенттер үшін жатақхананың аса қажеттілігін облыс басшылығының назарына жеткізді. Бұл сұрақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің де ұдайы бақылауында тұрған мәселенің бірі.

Сонымен қатар университет жанынан ашылған «Ұстаз» ер балаларға арналған мектеп-интернатқа, өңірдегі екі жоғары оқу орнының студенттеріне қызмет көрсететін, 2016 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен ашылған Әскери кафедра үшін де мүмкіндігінше қолдау қажеттілігі де сөз болды. Айта кету керек, «Ұстаз» мектебінің алғашқы түлектері педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары білім алып, биыл ауылдық жерлерде мұғалімдік еңбек жолын бастады.  

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында алдағы 2027 жылды бүкілхалықтық құрылыс жылы деп жариялап, инфрақұрылымды дамытуға арналған ірі құрылыстарды салу туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда өңірдегі ірі оқу орнының материалдық-техникалық нығаюына ықпал ететін аталған жобарлар іске асқан жағдайда Атырау облысының да әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етері сөзсіз.