Медиа ресурстар
ФИЛОСОФ ҒАЛЫМ-ҰСТАЗ ҚҰРАМЫС ЕРМЕКОВТЫҢ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Жаңалықтар

ФИЛОСОФ ҒАЛЫМ-ҰСТАЗ ҚҰРАМЫС ЕРМЕКОВТЫҢ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Құрамыс Ермековтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Ғалым. Ұстаз. Қоғам қайраткері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Тағылымды басқосуға еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары, қоғам қайраткерлері, профессор-оқытушылар, Құрамыс Ермековтің әріптестері мен шәкірттері және отбасы мүшелері қатысты. Жиын барысында ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан үлесі, ұстаздық жолы және қоғамдық қызметі кеңінен сөз болды.

Дөңгелек үстелді журналистика және дінтану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Өмірбек Бекежан жүргізді.
Іс-шараны университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Бақыт Алтынбасов ашып, Құрамыс Ермековтің отандық философия ғылымындағы орны мен кейінгі буынға қалдырған рухани мұрасының маңызына тоқталды.

Проректор Бақыт Алтынбасов өз сөзінде: «Ғалымның ғылыми мұрасы мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін әрдайым құнды. Оның еңбектері келер буынға рухани азық болып, ғылым жолындағы жастарға бағыт-бағдар беретініне сенеміз», – деді.

Басқосуда қоғам қайраткері, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Атырау университетінің профессоры Бақтыбек Таубаев, онлайн форматта философия ғылымдарының докторы, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Алтай Тайжанов сөз сөйледі.

Сондай-ақ философия ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақ философиясы» ғылым және білім орталығының директоры Гүлжиһан Нұрышева, философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Берік Аташ, философия ғылымдарының кандидаты, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Гүлхан Нұрадин онлайн форматта қатысып, ғалымның ғылыми мұрасына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымов, философия ғылымдарының кандидаттары, қауымдастырылған профессорлар Азамат Кенжебаев пен Сағынгерей Аймұратов, тарих ғылымдарының докторлары, Атырау университетінің профессорлары Лесқали Бердіғожин Құрамыс Ермековтің азаматтық тұлғасы, ұстаздық өнегесі және ғылымдағы қолтаңбасы туралы баяндады.

Дөңгелек үстелге ғалымның қызы Жанна Ермекова да қатысып, әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Ол ғалымның өмір жолы, тұлғалық болмысы мен ғылымға деген адалдығы туралы айтып, оның отбасына ғана емес, отандық ғылым саласына қалдырған мол мұрасының маңызын атап өтті.

Жиын барысында Құрамыс Ермековтің саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған көрнекті тұлға екені айтылып, оның зерттеулері мен қоғамдық қызметінің мәні сараланды. Әріптестері мен шәкірттері ғалымның кәсіби біліктілігін, адамгершілік қасиеттерін және жас зерттеушілерді ғылымға баулудағы еңбегін ерекше атап өтті.

Тағылымды басқосу ғалымның өмір жолы мен ғылыми мұрасын кеңінен насихаттауға, кейінгі ұрпаққа танытуға және отандық философия ғылымының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді.