Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде еліміздің ғылымы мен жоғары білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық басымдықтарын айқындап, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Форум барысында Президент ғылым мен білімнің ел болашағын қалыптастырудағы шешуші рөлін атап өтіп, ғылыми жетістіктерді адамзат игілігіне бағыттау қажеттігін жеткізді.
«Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде елімізде ғылым мен жоғары білім саласына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелеріне назар аударды.
Соңғы жылдары Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті. Ал жоғары білім беру гранттарына бөлінген қаржы соңғы жеті жылда екі есеге артып, 3,4 миллиард долларды құрады. Бүгінде еліміздегі 132 жоғары оқу орнында 800 мыңнан астам студент білім алуда.
Халықаралық академиялық ынтымақтастық та жаңа деңгейге көтерілді. Елімізде 40 стратегиялық серіктестік келісімі жүзеге асырылып, шетелдік студенттер саны 41 мыңға жетті. Қазақстанның 18 университетінің QS World University Rankings тізіміне енуі де отандық жоғары білімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші академиялық орталыққа айналдыру міндетіне де тоқталды.
«Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу», – деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар форумда ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру, жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу, білікті кадрлар даярлау және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелеріне басымдық берілді.
Мемлекет басшысының «Мықты университеттер – келешектің кепілі» деген тұжырымы жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінде университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, ғылыми жаңалықтар мен инновациялық шешімдер қалыптасатын, елдің зияткерлік әлеуетін арттыратын маңызды орталыққа айналуға тиіс.
«Шын мәнінде елдің технологиялық дербестікке жетуі, ең алдымен, білім-ғылымның өркендеуіне тікелей байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті де Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттерді басшылыққа алып, ғылыми әлеуетті арттыруға, сапалы білім беруге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және өңірдің дамуына қажетті білікті мамандар даярлауға басымдық береді.
Президенттің форумда көтерген бастамалары отандық жоғары білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге, ғылыми ізденістерді қолдауға және университеттердің қоғам мен экономика дамуындағы рөлін күшейтуге жаңа міндеттер жүктейді.
Ғылымға салынған инвестиция – елдің зияткерлік әлеуетіне, жас ұрпақтың болашағына және Қазақстанның өркендеуіне салынған инвестиция.