Медиа ресурстар
АТЫРАУДА ICPC ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ШИРЕК ФИНАЛЫ ӨТУДЕ
Жаңалықтар

АТЫРАУДА ICPC ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ШИРЕК ФИНАЛЫ ӨТУДЕ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің базасында 2026 ICPC Kazakhstan Regional Contest бағдарламалау олимпиадасының ширек финалы өтуде.

Білім додасына Батыс өңірінің жоғары оқу орындарынан жиналған барлығы 11 команда қатысуда. Олардың қатарында Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің, Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің, сондай-ақ Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің командалары бар.

Олимпиада барысында қатысушылар күрделі алгоритмдік есептерді шешіп, бағдарламалау, логикалық ойлау және командамен жұмыс істеу қабілеттерін сынға салуда. Бес сағатқа созылатын негізгі турда командалар берілген тапсырмаларды белгіленген уақыт ішінде орындауға талпынады.

ICPC сайысы студенттердің ақпараттық технологиялар саласындағы білімін тереңдетіп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай білім додалары болашақ IT мамандарының кәсіби әлеуетін арттырып, жоғары оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталады.