Медиа ресурстар
МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ ПЕН ӘКБАР МӘЖИТКЕ УНИВЕРСИТЕТТІҢ «ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ» АТАҒЫ БЕРІЛДІ
Жаңалықтар

МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ ПЕН ӘКБАР МӘЖИТКЕ УНИВЕРСИТЕТТІҢ «ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ» АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Президент сыйлығының иегері, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мереке Құлкеновтің 75 жасқа толуына арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, басқарма төрағасының бас кеңесшісі Әміржан Қосанов, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып, жазушы әрі аудармашы Әкбар Мәжит, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының өкілдері, зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.

Кеңейтілген отырысты университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов жүргізді. Ол мерейтой иесінің қазақ әдебиеті мен руханиятын өркендетуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және шығармашылық ортаның дамуына қосқан үлесін атап өтті.

– Құрметті Мереке Әбдешұлы, сізді университет ұжымы, Ғылыми кеңес және өз атымнан мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қаламгерлік және қоғамдық қызметіңіз арқылы ел руханиятының дамуына елеулі үлес қосып келесіз. Университетіміздің бастамаларына қолдау көрсетіп, білім мен әдебиеттің байланысын нығайтуға атсалысқаныңыз үшін алғыс айтамыз, – деді Саламат Идрисов.

Ғылыми кеңестің шешімімен Мереке Құлкеновке Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Мерейтой иесіне арнайы мантия жабылып, куәлік табысталды.

Мереке Құлкенов университетпен байланысы Хисмет Бозанұлы оқу орнын басқарған жылдардан басталғанын еске алды. Қаламгер сол кезеңде университетке Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының есімін беру жөніндегі бастаманы белсенді қолдап, бұл мәселені Атырау өңірінде, соның ішінде Қызылқоға ауданында өткен кездесулерде көтергенін айтты.

– Атыраудағы іргелі білім ордасына Халел Досмұхамедұлы есімінің берілуі – тарихи маңызы зор шешім. Ол медицинамен ғана шектелмей, әдебиет, тіл білімі, педагогика, баспасөз және баспа ісі салаларында да өнімді еңбек еткен сан қырлы тұлға. Ташкентте жүрген жылдары қазақ тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдардың жарық көруіне ұйытқы болып, ұлттық ғылым мен ағартушылықтың дамуына айрықша үлес қосты. Бүгінде оның атындағы университеттің өсіп-өркендеп келе жатқанын көру – үлкен қуаныш, – деді Мереке Құлкенов.

Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Қадыр Жүсіп мерейтой иесінің шығармашылық жолы мен азаматтық болмысына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді. Ол қаламгерге шапан жауып, өз кітабын сыйға тартты.

Ғылыми кеңестің шешімімен жазушы, аудармашы, абайтанушы және қоғам қайраткері Әкбар Мәжитке де университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Бұл мәртебе оған қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға, әдеби байланыстарды дамытуға және жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбегі үшін табысталды.

Әкбар Мәжит көрсетілген құрмет үшін университет ұжымына алғыс айтып, әдебиет пен мәдениеттің халықтарды жақындастырып, өзара түсіністікті тереңдетудегі мәніне тоқталды. Сондай-ақ ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу, ана тілінің байлығын дәріптеу және қазақ әдебиетін өзге тілдерге сапалы аудару қаламгерлер мен ғалымдарға ортақ міндет екенін айтты.

Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы қазақ руханиятына еңбек сіңірген қаламгерлерге құрмет көрсетіп, зиялы қауым мен университет арасындағы шығармашылық байланысты бекемдеген тағылымды жиын болды.