Медиа ресурстар
ЭТНОГРАФ-ЖАЗУШЫ ЗЕЙНОЛЛА СӘНІК МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Жаңалықтар

ЭТНОГРАФ-ЖАЗУШЫ ЗЕЙНОЛЛА СӘНІК МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Қазақ этнографиясы тағылымы және Зейнолла Сәнік мұрасы» атты І облыстық тарихи-танымдық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқауды Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры бірлесіп ұйымдастырды. Оның мақсаты – көрнекті жазушы, тарихшы, этнограф, фольклоршы әрі аудармашы Зейнолла Сәніктің шығармашылық және ғылыми мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың ұлттық тарихқа, этнография мен халықтық дәстүрлерге қызығушылығын арттыру.

Облыстық байқауға мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Ұйымдастырушыларға 62 өтінім түсіп, 43 үміткер білім мен шығармашылық сайысында бақ сынады.

Қатысушылар үш бағыт бойынша сынға түсті. Олар «Қазақ этнографиясы тағылымы және Зейнолла Сәнік мұрасы» тақырыбында эссе жазып, қаламгердің еңбектеріндегі қазақ этнографиясына қатысты тест тапсырмаларын орындады. Сондай-ақ «Ұлттық құндылықтар және Зейнолла Сәнік мұрасы» тақырыбындағы зерттеу жұмыстарының таныстырылымын қорғады.

Байқау барысында жастар Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылығын, ғылыми еңбектерін жан-жақты зерделеп, қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихи жады мен рухани құндылықтары туралы білімдерін көрсетті. Қатысушылардың жұмыстары мазмұны, зерттеу деңгейі, ойдың жүйелілігі және шығармашылық ізденісі бойынша бағаланды.

Қазылар алқасының шешімімен І орынды Қибаш Нұрай Бейбітқызы иеленіп, 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

ІІ орын Сәлімгерей Сәттібек пен Қабижан Айша Нұрболқызына берілді. Олардың әрқайсысына 150 мың теңгеден табысталды.

ІІІ орынға Марат Сәнім Бауыржанқызы, Молдаш Жадыра және Рахметоллақызы Ділдә лайық деп танылды. Әр жүлдегерге 75 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.

Аман Баян Есентайқызы, Аманқұл Нұрайым, Брудко Кристина, Зейнешов Орынбек және Мүтән Сұлтанбек ынталандыру сыйлығымен марапатталып, әрқайсысына 20 мың теңгеден табысталды.

Салтанатты рәсімде Рахметоллақызы Гүлайхан мен Гайнелова Назерке Шынтасқызына Зейнолла Сәнік атындағы атаулы шәкіртақы берілді.

Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтарды ақын, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Әкірамұлы табыстады.

Марапаттау рәсімінде байқаудың ұлттық мұраны зерттеуге ынталы жастарды анықтап, олардың ғылыми және шығармашылық ізденістерін қолдауға мүмкіндік бергені атап өтілді. Алғаш рет облыстық деңгейде ұйымдастырылған тарихи-танымдық байқау Зейнолла Сәніктің мол мұрасын жас ұрпаққа танытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған маңызды алаңға айналды.