Медиа ресурстар
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢНАМАНЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаңалықтар

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢНАМАНЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын қолданудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты – қылмыстық заңнаманы қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, құқық қорғау органдары өкілдерінің тәжірибесімен бөлісуіне мүмкіндік жасау және болашақ заңгерлердің кәсіби білімін жетілдіру.

Дөңгелек үстелге Атырау облысы прокуратурасы мен Полиция департаментінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Атырау облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасы бастығының орынбасары Индира Сейткасимова, аталған басқарманың прокуроры Нұрдәулет Бағытжан, Атырау облысы Полиция департаменті Анықтау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы, полиция подполковнигі Дархан Бұлжанов және Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Бекболат Анесов қатысты.

Кездесу барысында қылмыстық заңнаманы қолдану кезінде туындайтын мәселелер, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ерекшеліктері, қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау және құқықтық нормаларды тәжірибеде қолдану тәртібі кеңінен қарастырылды.

Шақырылған мамандар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті құқықтық мәселелерге қатысты пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, заң саласындағы қызметтің қыр-сыры жөнінде ой бөлісті.

Осындай мазмұнды кездесулер білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби даярлығын арттыруға және құқық қолдану тәжірибесін тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.