Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи университетінде «Mini MBA in Strategic Communications & Media Management» атты кәсіби білім беру бағдарламасы басталды. Оқу курсына елімзідің әр аймағынан мекеме басшылары, медиа менеджерлер, журналистер, баспасөз хатшылары, PR, SMM және маркетинг мамандары қатысты.
Бағдарламаның басты мақсаты – стратегиялық коммуникация және медиаменеджмент саласында кәсіби құзыреттерді дамыту, ұйымның коммуникациялық стратегиясын әзірлеу, бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді жұмыс істеу және заманауи медианы басқару дағдыларын қалыптастыру.
«Бүгін университетіміз үшін жаңа жобаны бастап отырмыз. MBA – тек басқару дағдыларын үйрететін бағдарлама емес. Ол адамды, қоғамды және адамдар арасындағы қарым-қатынасты терең түсінуді талап етеді. Өйткені кез келген ұйымның ең құнды ресурсы – адам. Сондықтан адам ресурстарын тиімді басқару мен ғылыми зерттеулерге негізделген шешім қабылдаудың маңызы зор», – деді университет ректоры Жанар Темірбекова.
«Mini MBA in Strategic Communications & Media Management» бағдарламасы алты айға жоспарланған және үш модульден тұрады. Тәжірибелік дәрістерде стратегиялық коммуникация және маркетинг сарапшысы, АҚШ-тағы Northwestern University-дің коммуникациялар магистрі Бақыт Аманжолқызы мен журналист, медиа-менеджер және саясаттанушы, «Хабар» телеарнасының бас продюсері Нұрмұхамед Байғара жүргізеді.
Оқудың алғашқы модулінің үш күндік Media Bootcamp курсына Атырау универсиетінің баспасөз хатшысы Жәнібек Қалым, Ғылым департаменті Қоғамдық келесімді дамыту институтының директоры Қарлығаш Әшірханова, «Медиа орталық» маманы Сәнім Марат қатысты.
Media Bootcamp аясында қатысушылар он бағыт бойынша дәрістер мен практикалық сабақтарға қатысты. Олар стратегиялық коммуникация негіздері, жобаларды басқару және аналитика, PR мен маркетинг аналитикасы, спичрайтинг, коммуникациядағы жасанды интеллект құралдары, дағдарыс кезіндегі коммуникация, медиа жобаларды басқару, медиа-аналитика, ұйым мен басшының имиджін қалыптастыру және коммуникациялық стратегия әзірлеу тақырыптарын қамыды.
«Медиа саласында сегіз жылға жуық еңбек еткеннен кейін коммуникация бағытына бет бұрдым. АҚШ-тағы Northwestern University университетінде магистратурада білім алып, коммуникация мен маркетинг саласының бизнес үшін ғана емес, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор үшін де маңызын түсіндім. Содан бері Қазақстанда және АҚШ-та жинақтаған кәсіби тәжірибемді бүгінгі курстағы теориялық біліммен ұштастырып, қатысушыларға бөлісуді мақсат етіп отырмыз. Бағдарлама аясында коммуникация, маркетинг және сату техникалары бойынша білім беріп, тәжірибе алмасамыз», - деді тренер Бақыт Аманжолқызы.
Media Bootcamp соңында қатысушылар өз жобаларын қорғап, алған білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетеді және біліктілік сертификаттары табысталады. Бағдарлама кәсіби құзыреттерді дамытумен қатар, еліміздің әр өңірінен келген медиа және коммуникация мамандарының тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестік байланыстар орнатуына мүмкіндік береді.
Сәнім Марат, «Медиа орталық» маманы