Бүгін Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Қазақ этнографиясы тағылымы және Зейнолла Сәнік мұрасы» атты І облыстық тарихи-танымдық байқау өтті.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу, тарихи-мәдени мұрасын насихаттау және жас ұрпақтың этнография ғылымына қызығушылығын арттыруды мақсат еткен байқауға өңір жастары белсенді қатысты.
Байқауға Атырау облысының мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері арасынан 60-тан астам үміткер өтініш білдіріп, олардың 43-і бүгінгі білім сайысында бақ сынады.
Тарихи-танымдық байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар тест тапсырмаларын орындап, қазақ этнографиясы мен ұлттық тарихқа қатысты білімдерін сарапқа салды. Екінші кезеңде эссе жазып, ұлттық құндылықтар мен Зейнолла Сәнік мұрасына қатысты ой-тұжырымдарын ортаға салды. Ал үшінші кезеңде үміткерлер презентацияларын қорғап, зерттеушілік ізденістері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Байқау барысында қатысушылар көрнекті жазушы, этнограф-ғалым Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылық мұрасына, қазақ халқының салт-дәстүріне, тарихи жады мен рухани құндылықтарына ерекше назар аударды.
Алғаш рет облыстық деңгейде ұйымдастырылған бұл байқау жас буынның ұлттық тарихқа қызығушылығын арттырып, ғылыми ізденіске ынталандыратын маңызды танымдық алаңға айналды.
Этнограф-жазушы Зейнолла Сәнік мұрасын ұлықтауға бағытталған тағылымды шара ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қазақ этнографиясының бай мұрасын жастар арасында кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 12 қараша күні салтанатты түрде өтеді. Шара барысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға арнайы марапаттар табысталады.