Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы өтті. Жиынға Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов бастанған қоғамның өңірдегі мүшелері қатысты.
Алқалы жиында мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, қазақ тілінің ғылым мен білімдегі қолданыс аясын кеңейту, ұлттық әдеби-мәдени мұраны цифрландыру және тілдің заманауи технологиялармен ықпалдастығын арттыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет», – деп атап өтті.
Президент жоғары оқу орындарының қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудағы рөліне ерекше назар аударып, университеттер қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне айрықша мән беруі қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру, сапалы оқулықтар әзірлеу, ғылыми терминология мен емле ережелерін біріздендіру міндеттерін алға қойды.
Құрылтай барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова, Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің солисі Эльдана Габерман, UMC жүрек орталығының дәрігері Сардор Юлдашев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Алина Кан, «Мобайл-Телеком Сервис» компаниясының маманы Максим Кузнецов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Диас Айдаралы сөз сөйледі.
Құрылтайда көтерілген бастамалар жоғары оқу орындарына да маңызды міндеттер жүктейді. Атырау университеті үшін мемлекеттік тілдің ғылыми әлеуетін арттыру, қазақ тіліндегі зерттеулерді қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және болашақ мамандардың тілдік құзыреттілігін дамыту басым бағыттардың бірі болып саналады.
Аталған құрылтай қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі, білім мен ғылымдағы орнын нығайтуға бағытталған маңызды пікір алмасу алаңына айналды.
Баспасөз қызметі