Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, тарихшы-археолог, шығыстанушы және өлкетанушы Альберт Ахметжанұлы Бурхановпен кездесу өтті. Жиынға университет басшылығы, Ғылыми кеңес мүшелері, профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты.
Кездесуде Еуразия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеу, Арал – Каспий және Еділ – Жайық өңірлерінің тарихи-мәдени байланыстарын зерделеу, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар археологиялық зерттеулер жүргізу, тарихи мұраны сақтау және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.
Жиын барысында Альберт Бурхановтың тарих пен археология саласындағы ғылыми еңбегі, университетпен орнаған байланысы және бірлескен бастамаларға қосқан үлесі атап өтілді. Ғылыми кеңестің 2026 жылғы 8 шілдедегі шешіміне сәйкес ғалымға Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағы беріліп, куәлік пен төсбелгі табысталды.
Альберт Бурханов университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисовке Татарстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қаюм Насыйри атындағы мектептер қауымдастығының «Қаюм Насыйриге – 200 жыл» медалін табыстады. Марапат білім мен ғылым саласындағы әріптестікті нығайтуға, түркі халықтарына ортақ тарихи-мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлесі үшін ұсынылды.
Альберт Бурханов – Орталық Азия, Еділ – Жайық өңірлері мен Ресейдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеп жүрген ғалым. Ол 49 монография мен кітаптың, 15 оқу құралының авторы, 47 ғылыми жинақтың құрастырушысы әрі ғылыми редакторы. Түрікменстан, Үндістан, Еділ бойы, Орал өңірі және Қазақстан аумағындағы халықаралық ғылыми экспедицияларға қатысып, Ұлы Жібек жолының тарихи бағыттарын зерттеуге үлес қосты. 2012 жылы Қойтендаг ескерткіштерін зерттеген «Алтын Орда» кешенді тарихи-археологиялық экспедициясына жетекшілік етті.
Кездесуден кейін Альберт Бурханов «Қазақстанның Арал – Каспий – Орал аймағы мен Еділ – Жайық халықтары және аймақтары арасындағы сауда-экономикалық, тарихи-мәдени байланыстар: тарихы мен қазіргі жағдайы» тақырыбында қонақ дәріс оқыды. Ғалым аталған өңірлерді мекендеген халықтардың өзара қарым-қатынасы, сауда жолдарының қалыптасуы, мәдени ықпалдастық пен тарихи сабақтастық жөнінде баяндады. Археологиялық және тарихи зерттеулерге сүйене отырып, аймақтар арасындағы байланыстың ерекшеліктеріне, тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен сақтаудың маңызына тоқталды. Дәріс соңында қатысушылар ғалымға сауалдарын қойып, археология, өлкетану және тарихи мұра тақырыптары бойынша пікір алмасты.