Ақтауда «Болашақты бірге қалыптастырамыз» тақырыбында Қазақстанның азаматтық қоғам форумы өтті. Аталған жиынға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті ғылым департаментінің Қоғамдық келісімді дамыту институтының директоры Қарлығаш Аширханова қатысып, ой-пікірлерін бөлісті.
Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттар, соның ішінде цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды.
Форумға үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері мен отандық сарапшылар қатысты. Жиынның құрметті қонақтары қатарында Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алешка Симкич және БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестіруші кеңсесінің адам құқықтары жөніндегі аға кеңесшісі Элизабет да Коста болды.
Қатысушылар адам құқықтарын қорғау, ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың арасындағы байланыс және қоғамдық ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуі жөнінде пікір алмасты. Грант аясындағы жобалар аяқталғаннан кейін ұйымдардың қызметін жалғастыру, қаржыландыру көздерін көбейту және жергілікті бастамаларды қолдау мәселесіне айрықша мән берілді.
«Қоғамдық келісімнің берік болуы адамдардың бір-біріне деген сеніміне байланысты. Ал сенім әділдік, ашықтық және шынайы диалог арқылы қалыптасады. Президент Жолдауында көтерілген міндеттер ғылым мен білімді дамыту, қоғамдық келісімді нығайту және азаматтардың жауапкершілігін арттыру бағыттарында жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын көрсетеді. Менің пайымдауымша, ғылым мен білім қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттырса, әділеттілік азаматтардың өзара сенімін нығайтады, ал қоғамдық келісім елді ортақ мақсатқа жұмылдырады. Осы құндылықтар өзара үйлескенде ғана тұрақты дамуға негізделген орта қалыптасады. Сондықтан университеттердің, ғылыми қауымдастықтың және азаматтық қоғам институттарының алдында маңызды міндет тұр: білімді ұрпақ тәрбиелеу, ғылыми ізденісті қолдау, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және қоғамдағы өзара құрмет мәдениетін дамыту», деді Қоғамдық келісімді дамыту институтының директоры Қарлығаш Аширханова.
Сондай-ақ, форумда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану және жастарды үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына тарту мәселелері қарастырылды.
Форум аясында «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасы да талқыланды.
Іс-шараны «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы Батыс Қазақстандағы азаматтық қоғамның адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғауға бағытталған жоба аясында ұйымдастырды.