Медиа ресурстар
ЖОЛДАУ МІНДЕТТЕРІ МЕН ӨҢІР МӘСЕЛЕЛЕРІ УНИВЕРСИТЕТТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаңалықтар

ЖОЛДАУ МІНДЕТТЕРІ МЕН ӨҢІР МӘСЕЛЕЛЕРІ УНИВЕРСИТЕТТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті базасында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі және министрлік өкілдері зиялы қауыммен, профессор-оқытушылар құрамымен және білім алушылармен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының басым бағыттары мен өңірге қатысты мәселелер талқыланды.

Атырау облысына келген республикалық жұмыс тобы өңірдегі сапарын зиялы қауыммен және білім алушылармен жүздесуден бастады. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Д. Шамұратов жүргізді.

Жиынға Құрылтай депутаттары Арман Хайруллин мен Муса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев, ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров қатысты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі атынан Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмухамбетов келді.

Жұмыс тобының өкілдері Жолдауда белгіленген міндеттерді түсіндіріп, оларды орындау бағыттарына тоқталды. Кездесу халықтың тұрмысын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, энергетикалық қауіпсіздік пен өңір инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналды.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев халықтың нақты табысын арттыру мен баға өсімін тежеуге бағытталған шаралар туралы баяндады. Ол орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді қаржыландыру ұсыну және отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейту жоспарларын таныстырды. Кәсіпкерлерге қолдау шараларын бір жерден қарап, өтінім беруге мүмкіндік беретін eGov Business платформасындағы бірыңғай жеке кабинет туралы да ақпарат берілді.

Вице-министр «Халықтық құрылыс» бағдарламасына жеке тоқталды. Бағдарлама өңірлердің инфрақұрылымын жаңартуды, құрылыс жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлерді тартуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Бөлінген қаражаттың жұмсалуы мен құрылыс барысын цифрлық жүйелер арқылы қадағалау жоспарланған.

Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету жолдарын түсіндірді. Баяндамада жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту, күн және жел энергетикасын дамыту жоспарлары қамтылды. Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, 2029 жылды қоса алғанда, жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу көзделген.

Атырау өңірі үшін газ өңдеу саласындағы жобалардың маңызы ерекше. Кездесуде Қашаған кен орнында жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін екі зауыт салу жоспарлары таныстырылды. Бұл жобалар ішкі нарықты газбен қамту мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

Кездесу соңында университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов Жолдаудың негізгі бағыттары мен одан туындайтын міндеттер жөнінде пікірін білдірді. Ол бұл міндеттерді жүзеге асыруға университет ұжымы да атсалысатынын атап өтті. Университет ғалымдарының Жолдауда көтерілген мәселелерді жұртшылыққа түсіндіріп, бұқаралық ақпарат құралдарында өз ойларын ортаға салып жүргенін айтты.

Ректор республикалық жұмыс тобының өңірдегі сапарын зиялы қауыммен және білім алушылармен кездесуден бастағаны үшін алғыс білдірді. Сөз соңында жиынға қатысушыларға ризашылығын жеткізіп, қонақтардың жұмысына табыс тіледі.

Жолдауды түсіндіруге арналған кездесуге ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді қоса алғанда, барлығы 165 адам қатысты.