Медиа ресурстар
«DECENTRATHON 6.0» ХАКАТОНЫ АТЫРАУДА ЖАС IT-МАМАНДАРДЫ БІРІКТІРДІ
Жаңалықтар

«DECENTRATHON 6.0» ХАКАТОНЫ АТЫРАУДА ЖАС IT-МАМАНДАРДЫ БІРІКТІРДІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті базасында заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерге қызығушылық танытқан жастарды біріктірген «Decentrathon 6.0» республикалық IT-хакатонының ашылу салтанаты өтті.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Astana Hub және Blockchain & AI Technology Center (BAITC) ұйымдастырған хакатон еліміздің 19 қаласында қатар өтуде. Ауқымды технологиялық додаға Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті атынан төрт команда, сондай-ақ қаладағы білім беру ұйымдарының жастары қатысуда.

Іс-шараның ашылуына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің және университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Бейбіт Мамраев қатысты. Ол хакатон қатысушыларымен жүздесіп, олардың жобалары мен заманауи технологияларды дамытуға қатысты ұсыныстарымен танысты.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов қатысушыларға сәттілік тілеп, хакатонның жасанды интеллект, блокчейн және цифрлық шешімдер бағытындағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке, озық технологиялар мен жасанды интеллект кеңінен қолданылатын қуатты IT-хабқа айналдыру міндетін белгіледі. Бүгінгі «Decentrathon 6.0» алаңы – осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға және келешегі зор жобаларды әзірлеуге берілген мүмкіндік. Хакатон – жай ғана сайыс емес, ол тәжірибе жинақтайтын, жаңа серіктестік орнатып, кәсіби тұрғыдан өсуге жол ашатын орта. Қатысушылардың әрбір креативті шешімі еліміздің цифрлық экономикасының дамуына үлес қосатынына сенемін, – деді Саламат Идрисов.

Ректор университетте цифрлық трансформация бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын, жасанды интеллект орталығы ашылып, Coursera секілді халықаралық білім беру платформаларымен ықпалдастық күшейгенін жеткізді. Сондай-ақ студенттер мен жас зерттеушілердің республикалық хакатондарға, ұлттық бағдарламаларға және стартап жобаларға белсенді қатысып жүргеніне тоқталды.

Ашылу салтанатында Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының  орынбасары Аман Сұлтанов сөз сөйлеп, цифрлық бастамаларды дамыту мен жастардың технологиялық жобаларын қолдаудың маңызын айтты.

«Decentrathon 6.0» – тәжірибе алмасуға, командалық жұмысты жетілдіруге және өзекті технологиялық міндеттерге креативті шешімдер ұсынуға арналған алаң. Қатысушылар хакатон барысында идеяларын нақты жобаға айналдырып, кәсіби қабілеттерін сынайды.

Атырау университетінің командаларына және барлық қатысушыға нәтижелі жұмыс, тың идеялар мен сәттілік тілейміз!