Медиа ресурстар
ШЕТЕЛДІК ПРОФЕССОР САУД ӘЛ-БУСАЙДИ ҒЫЛЫМИ ВОРКШОП ӨТКІЗДІ
Жаңалықтар

ШЕТЕЛДІК ПРОФЕССОР САУД ӘЛ-БУСАЙДИ ҒЫЛЫМИ ВОРКШОП ӨТКІЗДІ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Бристоль университетінің түлегі, Оман Сұлтанатындағы University of Technology and Applied Sciences университетінің профессоры, PhD Сауд Әл-Бусайди профессор-оқытушылар құрамына арналған ғылыми-тәжірибелік воркшоптар өткізді.

Сапар аясында шетелдік профессор «Exploring Higher Education Internationalisation in Oman: Academic Staff Perspectives» («Омандағы жоғары білім беруді интернационалдандыру: профессор-оқытушылар құрамының көзқарасы») тақырыбында коворкинг-сессия және «Selecting a Journal for Publication» («Ғылыми мақаланы жариялау үшін журнал таңдау») тақырыбында практикалық воркшоп ұйымдастырды.

Алғашқы сессияда Сауд Әл-Бусайди Оман Сұлтанатындағы жоғары білім беруді интернационалдандырудың негізгі бағыттары мен ерекшеліктерін таныстырды. Профессор халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату, оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту және білім беру бағдарламаларына озық халықаралық тәжірибені енгізу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ интернационалдандыру үдерісіндегі профессор-оқытушылар құрамының рөлі мен кәсіби тәжірибесі талқыланды.

«Selecting a Journal for Publication» воркшопында ғылыми мақаланы жариялауға лайықты журналды дұрыс таңдаудың негізгі өлшемдері қарастырылды. Қатысушылар халықаралық ғылыми журналдардың бағыттары мен талаптарын талдау, олардың беделі мен дәйексөз келтіру көрсеткіштерін бағалау, Scopus және Web of Science дерекқорларына енгізілген басылымдарды анықтау, қолжазбаны журнал талаптарына сәйкес рәсімдеу және жыртқыш журналдардан сақтану жөнінде практикалық ақпарат алды.

Профессор ғылыми мақаланың тақырыбы мен мазмұнын журналдың мақсатына сәйкестендіру, авторларға арналған нұсқаулықтарды сақтау және қолжазбаны рецензиялау үдерісіне сапалы дайындау бойынша нақты ұсынымдар берді. Воркшоптар барысында оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, халықаралық ғылыми жарияланымдарды әзірлеу тәжірибесіне қатысты пікір алмасты.

Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясындағы бірлескен зерттеу жоспарының талқылануы болды. Алдағы уақытта профессор Сауд Әл-Бусайди мен Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушылары «Sense of Belonging, Academic Resilience, and Academic Adaptation Among International Students: A Comparative Phenomenological Study of Oman and Kazakhstan» («Шетелдік студенттердің ортаға қатыстылық сезімі, академиялық төзімділігі және академиялық бейімделуі: Оман мен Қазақстан тәжірибесіне негізделген салыстырмалы феноменологиялық зерттеу») тақырыбында бірлескен ғылыми мақала дайындауды жоспарлап отыр.

Зерттеу барысында Оман мен Қазақстандағы шетелдік студенттердің университет ортасына бейімделу тәжірибесі, академиялық қиындықтарды еңсеру қабілеті және білім беру қауымдастығына қатыстылық сезімі салыстырмалы түрде зерделенбек. Зерттеу нәтижелері халықаралық студенттерді академиялық және әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қолдау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ жоғары білім беру ұйымдарында қолайлы әрі инклюзивті орта қалыптастыруға арналған практикалық ұсынымдар әзірлеуге негіз болады деп күтілуде.

Профессор Сауд Әл-Бусайдидің сапары университет оқытушыларының ғылыми-зерттеу және жарияланымдық құзыреттерін жетілдіруге, халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға және жоғары білім беруді интернационалдандыру бағытында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Аталған академиялық бастама университеттің халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуге, оқытушылардың кәсіби дамуына, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға және ғылыми жарияланымдардың сапасы мен нәтижелілігін арттыруға бағытталды.