Медиа ресурстар
«КЕЛЕШЕК ҚАМЫ ҮШІН» АТТЫ ОЙ-ТАЛҚЫ ӨТТІ
Жаңалықтар

«КЕЛЕШЕК ҚАМЫ ҮШІН» АТТЫ ОЙ-ТАЛҚЫ ӨТТІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Республика күні қарсаңында Индер аудандық «Дендер» газетінің «Ел болам десең...» жобасы аясында «Келешек қамы үшін» атты ой-талқы өтті. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған алаңда білім мен тәрбие, ұлттық құндылықтар, жасанды интеллект, отбасы тәрбиесі және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері талқыланды.

Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы, облыстық Бас редакторлар клубының төрағасы Жанай Амантурлин қоғамдық сананы қалыптастыру тек мемлекеттің ғана міндеті емес, ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сондай-ақ Әлихан, Ахмет, Халел, Қаныш сынды ұлт қайраткерлерінің ел руханияты жолындағы еңбегін өнеге етіп, түрлі сала өкілдерін келешек қамы төңірегінде ашық пікір алмасуға шақырды.

Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов «Білім мен тәрбие – егіз» тақырыбында сөз сөйледі. Ол университетте сапалы білім берумен қатар, жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге ерекше мән берілетінін атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – білімі терең, тәрбиесі тағылымды, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, заңға бағынатын, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін адал азамат тәрбиелеу. Университетте білім мен тәрбиенің сабақтастығы “Адал азамат”, “Толық адам”, “Таза Қазақстан”, “Заң мен тәртіп”, академиялық адалдық және волонтерлік бағыттарындағы нақты жұмыстар арқылы жүзеге асырылуда», – деді  университет басшысы. 

Ой-талқы барысында ақын, журналист Асыланбек Шығыр «Қоғамдық сана және жасанды интеллект» тақырыбында ой қозғап, жаңа технологиялардың адам санасына, ақпараттық ортаға және қоғамдық құндылықтарға ықпалы жөнінде пікір білдірді. Индер аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақмарал Досымбетқызы «Отбасы – тәрбие тамыры» тақырыбында сөз сөйлеп, тұлғаның адамгершілік қасиеттері мен өмірлік ұстанымдарының қалыптасуындағы отбасының айрықша рөлін атап өтті.

Пікір алмасуға қоғам қайраткері Рәшила Мүрсалиева, білім саласының ардагері Серік Сапанов, кәсіпкер Жеңіс Әбілқарес, журналистер Жанат Молдашева мен Балауса Халелова, ақын Ерлан Қошақанов қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелер, ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар және жас ұрпақтың болашағы туралы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Мазмұнды кездесу түрлі сала өкілдерінің еркін пікір алмасуына мүмкіндік беріп, елдің келешегі білімді, тәрбиелі, ойы сергек және қоғамдық жауапкершілігі жоғары ұрпақтың қолында екенін тағы бір мәрте айқындады.