Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің түлегі, Қазақстан құрамасының спортшысы Әли Махулбеков Жапонияда өтіп жатқан V жазғы Пара Азия ойындарында пара үстел теннисінен қола медаль жеңіп алды!
Әли Қазақстанның Пара Азия ойындарына қатысу тарихында пара үстел теннисінен алғашқы медальді еншілеп, ел спортының тарихына тың жетістік қосты.
Қазанның 18 мен 24 аралығында Жапонияда өтіп жатқан дүбірлі додада Әли жартылай финалға дейін жетіп, қытайлық спортшы Чжао Шуймен кездесті. Жарыс қорытындысында қола жүлдеге ие болды.
Әли университетіміздің «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және таңдаған спорт түрінен жаттықтырушы» білім беру бағдарламасын 2024 жылы тәмамдаған. Үстел теннисінен жастар арасындағы Қазақстан чемпионы.
Университет ұжымы атынан Әлиді тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Табандылығы мен шеберлігінің арқасында ел мерейін асырған түлегімізді мақтан тұтамыз. Мықты денсаулық, қажымас қайрат және жаңа жеңістер тілейміз!