18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында V Пара Азия ойындары өтіп жатыр. Байрақты бәсекедегі пара дзюдо жарысына Азияның 18 елінен 129 спортшы қатысуда.
Аталған додада Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің студенті Альфия Тілекқабыл қола медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасының намысын қорғаған спортшы пара дзюдодан J1 санатында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қола жүлде үшін өткен шешуші белдесуде Альфия Қырғызстан өкілінен басым түсіп, ел қоржынына кезекті медальді салды.
Альфия Тілекқабыл – Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің студенті, пара дзюдодан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол J1 санатында ел намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғап жүрген жетекші спортшылардың бірі.
Айта кетейік, Альфия 2026 жылдың қыркүйегінде Грузияның Тбилиси қаласында өткен әлем чемпионатында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп, әлем чемпионы атанған болатын. Финалдық белдесуде ол Бразилия спортшысы Де Андрадені иппон әдісімен жеңді.
Альфияның Пара Азия ойындарындағы бұл жетістігі – табанды еңбектің, қайсар мінез бен жоғары спорттық шеберліктің жарқын нәтижесі. Университетіміздің мерейін үстем етіп, ел намысын абыроймен қорғаған спортшымызды қола жүлдесімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда толағай табыс пен жаңа жеңістер тілейміз!