Медиа ресурстар
КОММУНИКАЦИЯ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ ӨТТІ
Жаңалықтар

КОММУНИКАЦИЯ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ ӨТТІ

 Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Қоғамдық келісімді дамыту институтының директоры Қ. Әшірханова Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті қызметкерлеріне арналған «Қоғаммен байланыс мәдениеті: шешендік шеберлік және іскерлік коммуникация» тақырыбында тренинг өткізді. 

Іс-шара департамент басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл К. Иманғалиевтің төрағалығымен ұйымдастырылды. Тренингтің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қоғаммен тиімді байланыс орнату мәдениетін жетілдіру, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін арттыру және іскерлік коммуникация дағдыларын дамыту. Тренинг барысында университет өкілі қатысушыларға көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, ойды нақты әрі жүйелі жеткізу, тиімді диалог құру, азаматтармен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынас орнату және қызметтік әдеп нормаларын сақтау бағыттары бойынша тәжірибелік маңызы бар ақпараттар ұсынды. Сонымен қатар, қатысушылар кәсіби ортада тиімді коммуникация қалыптастырудың маңыздылығын талқылап, қызметтік қарым-қатынаста кездесетін түрлі жағдайларды шешу жолдары бойынша өзара тәжірибе алмасты. 

Аталған іс-шара Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ғылыми-тәжірибелік әлеуетін қоғам игілігіне бағыттау, мемлекеттік мекемелермен кәсіби ынтымақтастықты нығайту және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға үлес қосу бағытындағы жұмыстарының бір көрінісі болды.