Медиа ресурстар
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІ ҚАУЫМДАСТЫҚҚА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТКЕН ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Жаңалықтар

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІ ҚАУЫМДАСТЫҚҚА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТКЕН ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Ақтау қаласында Каспий маңы мемлекеттері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының XXVIII Бас Ассамблеясы өтті.

Халықаралық жиынға Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, Қауымдастық президенті Саламат Идрисов бастаған университет делегациясы қатысып, бір жылдық қызметтің қорытындысын ұсынды.

Айта кетейік, Қауымдастық 1996 жылы университеттердің бастамасымен құрылған. Биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған халықаралық ұйым Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан мемлекеттерінің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіреді. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – Каспий өңірінде ортақ ғылыми-білім беру кеңістігін қалыптастыру, академиялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу және Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін шешуге ғылыми тұрғыдан үлес қосу.

Қауымдастыққа төрағалық еткен кезеңде Атырау университетінің бастамасымен ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулерді кеңейту және Каспий өңірінің экологиялық мәселелерін шешу бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, халықаралық ғылыми кездесулер мен форумдар ұйымдастырылып, «Каспий маңы кампусы», Каспий зерттеулері консорциумы және «Каспий – мәдени диалог аумағы» секілді бастамалар ұсынылды. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын дамытуға, балық шаруашылығы мен аквакультура саласындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Бас Ассамблея барысында Саламат Идрисов Қауымдастық президенттігін Yessenov University ректоры Ермек Нұрмағанбетке салтанатты түрде табыстап, төрағалықтың символикалық нышандары – кубок пен арнайы төсбелгіні тапсырды. Алдағы бір жыл ішінде Қауымдастық қызметіне Yessenov University басшылық етеді.

Аталған рәсім көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есеновтің туғанына 100 жыл және оның есімі берілген Yessenov University-дің құрылғанына 50 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Осыған орай Саламат Идрисов университет ұжымын қос мерейтоймен құттықтап, арнайы құттықтауын табыстады.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін Дағыстан мемлекеттік университетінің ректоры Муртазали Рабадановқа Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағын табыстады.

Жиын соңында Саламат Идрисов Қауымдастыққа төрағалық ету кезеңінде бірлесе жұмыс атқарған халықаралық серіктестерге алғысын білдіріп, Каспий маңы мемлекеттері арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Атырау университетінің Қауымдастыққа төрағалық еткен бір жылы халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, ғылыми серіктестікті кеңейтуге және Каспий өңіріндегі ортақ бастамаларды ілгерілетуге бағытталған маңызды кезең болды.