Медиа ресурстар
ЖИЕМБЕТ ЖЫРАУ МҰРАСЫ ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДАН САРАЛАНДЫ
Жаңалықтар

ЖИЕМБЕТ ЖЫРАУ МҰРАСЫ ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДАН САРАЛАНДЫ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Жиембет жырау: тарихи тұлға және рухани мұра» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиында жыраудың қазақ тарихындағы орны, әдеби мұрасы және шығармаларын зерттеу мәселелері талқыланды.

Конференцияны Атырау облысы әкімдігі, Атырау университеті, «Жиембет жырау» қоғамдық қоры және Х.Б. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырды. 

Ғылыми басқосуға Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал және Атырау қалаларынан ғалымдар, тарихшылар, әдебиеттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Онлайн және офлайн форматта өткен конференция оқытушыларды, студенттерді, магистранттар мен докторанттарды біріктірді.

Жиынды университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов ашып, Жиембет Бортоғашұлының жырау, би және батыр ретіндегі қызметіне тоқталды. Ректор оның өмір жолы Есім хан тұсындағы Қазақ хандығының тарихымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ел бірлігін сақтауға атсалысқан Жиембет жырау халықтың мұң-мүддесін ханға жеткізіп, елдік мәселелерге араласқан беделді тұлға болғанын айтты.

 Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы жырау толғауларындағы ерлік, ар-намыс, туған жерге сүйіспеншілік пен адамдық қадір-қасиет туралы ойлардың бүгін де маңызын жоғалтпағанына назар аударды. Оның сөз өнерін ел мүддесімен ұштастырған мұрасы сол дәуірдегі қазақ қоғамын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ конференция бұрынғы зерттеулерді саралап, әлі де зерделеуді қажет ететін мәселелерді анықтауға жол ашатынын атап өтті. Ректор ғалымдардың ашық пікір алмасуы жиембеттанудың алдағы зерттеу бағыттарын айқындауға ықпал ететініне сенім білдірді.

Бұдан кейін Атырау облысы әкімдігі атынан құттықтауды Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Тауфикұлы Жоламанов жеткізді.

Пленарлық мәжілісте Жиембет жырау өмір сүрген кезеңнің тарихи ерекшеліктері мен шығармаларының көркемдік сипаты қарастырылды. Баяндамаларда билер институты, жыраулар поэзиясындағы еркіндік идеясы, тарихи тұлға мұрасын оқыту және насихаттау мәселелері қамтылды.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов Қазақ хандығы кезеңіндегі билер институты мен Жиембеттің би, батыр ретіндегі қызметі туралы баяндама жасады. Академик Берекет Кәрібаев хандық дәуірдегі жыраудың тарихи орнына тоқталды. «Сарайшық» музей-қорығының директоры Мұқтар Әбілсейіт Жиембет жырау тарихына қатысты зерттеу мәселелерін ортаға салды.

Абат Қыдыршаев жыраудың тұлғасы мен поэзиясын сөз етсе, Айман Азмуханова жиембеттануға үлес қосқан зерттеушілер мен «Жиембет жырау» қорының қоғамдық бастамаларына тоқталды. Қайрат Жаңабаевтың баяндамасы фольклортанушы Едіге Тұрсыновтың ғылыми мұрасына арналды. Айнұр Кушкимбаева жырау толғауларын әдеби талдау арқылы оқушылардың танымдық қабілетін дамыту мәселесін көтерді. Әлия Жеткізгенова мен Айжан Тургенбаева жыраулар поэзиясындағы еркіндік пен сөз сайысы сипатын қарастырды.

Университет ғалымдары да жырау мұрасына қатысты зерттеулерін ұсынды. Тарихшы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымов оның ұрпақтары туралы мәліметтермен бөлісті. Ақын, аудармашы Талап Қуаныш Жиембеттің Есім ханға айтқан толғауындағы батыл үнді талдады. «Жиембет жырау» қоғамдық қорының төрағасы Талғат Бисенов жырау мұрасын насихаттау бағытындағы жұмыстарды таныстырды.

Конференцияның мәдени бағдарламасында жыршы-термеші Бақытбек Сәрсеновтің орындауындағы Жиембет жырау толғауларынан үзінділер ұсынылды. Жырау ұрпағы Ақбөкен Темір Құрманғазының «Төремұрат» күйін орындады.

Конференция секциялық отырыстар мен шеберлік сағаттарына ұласты. Іс-шаралар барысында жаңа академиялық басылым әзірлеу, Қазақ хандығы дәуірін кезеңдеу, жәдитшілдіктен Алаш қозғалысына дейінгі ұлттық жаңғыру идеялары талқыланды.
Студенттер мен оқытушыларға арналған «Жиембет жырау және жыраулар мектебі: зерттеу бағыттары» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Сонымен қатар тарих мамандығының студенттері мен Атырау қаласындағы мектептердің тарих пәні мұғалімдері «Тарих және тұлға» дөңгелек үстеліне қатысып, өзара пікір алмасты.