
25 мамыр 2025
«Ұстаз» мектебінің соңғы қоңырау салтанаты өтті
Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің дарынды балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатының «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты мектеп бітіру кеші өтті.
Соңғы қоңырау жиынына Атырау университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, “Ұстаз” мектеп-интернатының ұжымы және жас түлектердің ата-аналары қатысты.
Салтанатты жиында мектеп қабырғасындағы естеліктер, ұстаздарға деген алғыс, болашаққа артылған үміт пен сенім туралы мазмұнды пікірлер айтылды. Жиында Атырау облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары Нұрлыбек Жеңісбекұлы, Таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры Қайырғали Азилов және ұстаздар атынан профессор, Ардагерлер алқасының төрағасы Шахман Нағимов қатысып, түлектерге жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы- ректор Саламат Идрисов те “Ұстаздық” түлектерді құттықтады. “2020-2021 оқу жылында бастау алып, дарынды ер балаларға арналған «Ұстаз мектебі» бүгінде үлкен үміттің ұясына айналды. Бұл мектеп – ұстаз болуға құштар, ел болашағына қызмет етуді армандайтын талапты ұлдардың ордасы. Ұстаз мектебі –тек білім ордасы емес, елге қызмет етуді жастайынан серік еткен нағыз азаматтар тәрбиеленетін орта. Бүгінгі күні сіздердің жүздеріңізден қуанышпен қатар, үлкен жауапкершілікті де көріп тұрмыз. Сіздер – болашақтағы ер ұстаздар, ұлттың рухын оятар, жас ұрпақты тәрбиелейтін тұлғасыздар.
Ұстаз мектебінің негізін қалаған әрбір ұстазға, Сәнім Уапқызы бастаған ұжымға ерекше алғысымды білдіремін”, - деді ректор.
Салтанатты кеш барысында түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар «Ұстаз жұлдызы – 2025» номинациясымен марапатталса, жас түлектердің ата-аналары алғыс хаттарға ие болды.
Жиында мектеп түлектері өз өнерлерін көрсетіп, түлектер вальсі орындалды. Мерекелік кеш мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған жастар үшін ерекше әсерлі сәт соңғы қоңырау үнімен аяқталды.