Медиа ресурстар
«ҚАУІПСІЗ ОТБАСЫ – БЕРІК ҚОҒАМ» ФОРУМЫ ӨТТІ
Жаңалықтар

«ҚАУІПСІЗ ОТБАСЫ – БЕРІК ҚОҒАМ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Қауіпсіз отбасы – берік қоғам» атты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған қалалық форум өтті. Іс-шара Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен ұйымдастырылды.

Алқалы жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Форумның ашылуында Басқарма төрағасы-ректор ауқымды бастаманың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті:

«Отбасы – қоғамның негізі, адам үшін ең қымбат әрі қауіпсіз орта болуы тиіс қасиетті шаңырақ. Ал отбасындағы өзара сыйластық, түсіністік пен жауапкершілік – берік қоғамның басты құндылықтарының бірі. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің, сталкинг пен қорлаудың кез келген түрінің алдын алу – тек жекелеген мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деді Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.

Жиынның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, өзара құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, қауіпсіз орта құрудың тиімді жолдарын қарастыру және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Форум барысында халықаралық сарапшылар, полиция қызметкерлері, дағдарыс орталықтарының басшылары мен университет ғалымдары баяндама жасады. Атап айтқанда, қауымдастырылған профессор Ләйлә Қойшығұлова мәселенің тарихи әрі халықаралық тәжірибесін талдаса, психология және педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нұрсұлу Иманғалиева зорлық-зомбылықтың психологиялық-әлеуметтік себептерін саралады.

Шара соңында құқық бұзушылықтың алдын алу мен отбасыларға әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетуде белсенділік танытқан бірқатар полиция қызметкерлері мен сала мамандары марапатталды.