Медиа ресурстар
ҰЛЫБРИТАНИЯЛЫҚ ҒАЛЫМДАР АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӘРІС БЕРЕДІ
Жаңалықтар

ҰЛЫБРИТАНИЯЛЫҚ ҒАЛЫМДАР АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӘРІС БЕРЕДІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне Ұлыбританиядан екі ғалым дәріс беруге келді. Бүгін Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов криминология саласының ғалымдары Марк Берри (Mark Berry) мен Карл Берриді (Carl Berry) қабылдады.

Ғалымдар Экономика және құқық факультетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасымен келді. Кездесуде халықаралық академиялық байланысты нығайту, білім беру мен ғылым саласындағы тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жас ғалымдардың ғылыми мақалаларын Scopus базасындағы журналдарда жариялау мәселелері талқыланды.

Профессор Марк Берри PhD дәрежесін Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерін біріктіретін беделді Russell Group құрамындағы Кардифф университетінен алған. Аталған оқу орны – QS World University Rankings 2027 әлемдік рейтингінде 179-орында тұр. Ғалым қазіргі уақытта Ұлыбританиядағы Борнмут университетінің (Bournemouth University) қауымдастырылған профессоры. Ол бұған дейін BA Criminology білім беру бағдарламасына жетекшілік еткен.

Ал профессор Карл Берри PhD дәрежесін аталған санаттағы топқа кіретін Бристоль университетінде қорғаған. Аталған оқу орны әлем бойынша 57-орында, ал Ұлыбритания университеттері арасында 8-орынға ие болған. Бүгінде ғалым Бристоль қаласындағы Батыс Англия университетінде (University of the West of England – UWE) қызмет етеді.

Ұлыбританиялық ғалымдар Атырау университетінде екі апта бойы дәріс береді. Академиялық сапар аясында олар білім алушыларға криминология саласы бойынша дәрістер өткізіп, халықаралық тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамына ғылыми семинарлар өткізіп, зерттеу мақалаларын жазу дағдыларын үйретеді.

Атырау университетінде 2026–2027 оқу жылында 30-ға жуық шетелдік профессор дәріс береді деп күтілуде. Олар Финляндия, Швеция, Мексика, Үндістан, Индонезия, Гонконг, Түркия, Оман, Бахрейн сынды елдерден келмек.