Медиа ресурстар
АКАДЕМИК Х.Б. ТАБЫЛДИЕВ ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ
Жаңалықтар

АКАДЕМИК Х.Б. ТАБЫЛДИЕВ ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ

Х.Досмұхамедұлы  атындағы Атырау университетінде көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Атырау облысының Құрметті азаматы Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Академик Х.Б. Табылдиев және отандық тарих ғылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ғылыми жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, зиялы қауым өкілдері, университеттің Ғылыми кеңес мүшелері, студенттер мен магистранттар қатысты.

Жиынды Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов ашып, Хисмет Бозанұлының университет тарихындағы айрықша орнына тоқталды.

«Атырау университетінің тарихы мен дамуы Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің есімімен тығыз байланысты», – деген ректор ғалымның саналы ғұмырын ғылым мен білімге, туған өлке тарихын зерттеуге және ел игілігіне қызмет етуге арнағанын атап өтті.

Хисмет Бозанұлы 1936 жылы 8 қыркүйекте қазіргі Атырау облысының Бесікті ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ғалым Гурьев педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, факультет деканы, проректор қызметтерін атқарды. 1991 жылы оқу орнының басшылығына келіп, кейін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тұңғыш ректор-координаторы болды.

Ғалым Қазақстан тарихы, өлкетану, ұлт-азаттық қозғалыстар, ағартушылық және білім беру тарихы бағыттарында зерттеу жүргізіп, 200-ден астам ғылыми еңбек пен мақала жазды. Оның еңбектері туған өлке тарихын зерделеуге, тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізуге елеулі үлес қосты.

Конференция барысында академиктің ғылыми мұрасы мен қоғамдық қызметіне жоғары баға беріліп, мерейтойына орай бірқатар құттықтау хаттары жолданды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, университетіміздің Директорлар кеңесінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраевтың, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, академик Зиябек Қабылдиновтың, Ресейдің Пермь мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатының директоры Евгений Мироновтың, Б.Б. Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетінің ректоры Бадма Салаевтың, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеповтің және басқа да ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің құттықтаулары бар.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз құттықтауында академик Хисмет Табылдиевтің отандық тарих ғылымы мен жоғары білім саласына сіңірген еңбегін атап өтті. Министр ғалымның ғылыми мұрасы мен қалыптастырған тағылымды мектебінің бүгінгі зерттеушілер үшін маңызы зор екенін айтып, мерейтойлық конференция жұмысына табыс тіледі.

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов та мерейтой иесіне ізгі тілегін білдірді. Облыс әкімі өз құттықтауында академик Хисмет Табылдиевтің отандық тарих ғылымын дамытуға, туған өлкенің шежіресін түгендеуге және ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ ғалымның Атырау университетін басқарған жылдардағы еңбегін ерекше атап өтіп, оның ғылыми мұрасы мен өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа қызмет ете беретінін жеткізді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, университетіміздің Директорлар кеңесінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев құттықтауында академик Хисмет Табылдиевтің ғылым мен білім саласына сіңірген елеулі еңбегіне тоқталып, ғалымның мол мұрасы мен өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа тағылым болатынын атап өтті.

Жиында Атырау облысының Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, университеттің Құрметті профессоры Мұрат Өтешов, «Baishev Education Group» корпорациясының бас директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Ахан Бекежан, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік ғалымдар онлайн форматта құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияның ғылыми бөлімінде отандық және шетелдік зерттеушілер академик Хисмет Табылдиевтің ғылыми мұрасы мен отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері жөнінде ой бөлісті.

Баяндамалар легін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Жұмағұлов бастап, одан әрі Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамиға Таңатарова, Сумгаит мемлекеттік университетінің доценті Юсифали Хасанов, Атырау университетінің құрметті профессоры Альберт Бурханов, университет профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердыгужин және профессор, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет сөз сөйледі.

Жиын барысында ғалымның әріптестері мен шәкірттері де естеліктерімен бөлісті. Профессор Аманкелді Шамғонов Хисмет Табылдиевті Атырау өлкетанушыларының ұстазы ретінде еске алса, профессор, тарих ғылымдарының докторы Алдар Сарсенов ғалымның университеттің алғашқы ректоры ретіндегі қызметіне тоқталды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Шахман Нағымов пен Х.Б. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры Сайпулла Сапанов та өз естеліктерін ортаға салды.

Конференция соңында Хисмет Бозанұлының ұлы Бейбіт Хисметұлы сөз сөйлеп, әкесінің өмірі мен ғылыми мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ жиын барысында ғалымның ұлы Хисмет Бозанұлы Табылдиев атындағы атаулы шәкіртақыны Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті «Тарих» білім беру бағдарламасының студентіне табыстады.

Академиктің 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция ғалымның ғылыми мұрасын зерделеп, тағылымды жолын кейінгі ұрпаққа таныстыруға бағытталған мазмұнды ғылыми алаңға айналды.