Медиа ресурстар
ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Жаңалықтар

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Бүгін Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Бейімделу апталығы аясында бірінші курс студенттеріне арналған «Заң мен тәртіп» қағидаты тақырыбында құқықтық кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, сондай-ақ есірткі қылмысы, лудомания, киберқылмыс және экстремизмнің алдын алу бағытында маңызды ақпарат беру.

Кездесуге Жастар саясаты департаментінің директоры Сайран Сейфуллин модераторлық етті.

Іс-шараның алғы сөзінде әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Қойшығұлова сөз сөйлеп, жастардың заң талаптарын білуі, қоғамдық тәртіпті сақтауы және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды негізі екенін атап өтті.

Атырау облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Ідірісов жастарға есірткі заттарының адам денсаулығы мен өміріне тигізетін зияны туралы түсіндірді. Сондай-ақ есірткі қылмысына қатысты заң талаптары мен жауапкершілік шараларына тоқталып, студенттерді зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.

Атырау облысы Полиция департаменті Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңесінің мүшесі, «Жаңғыру» оңалту орталығының директоры Асқар Ізбасаров лудомания мен тәуелділіктің себептері және оның адам өміріне тигізетін кері әсері туралы баяндады. Ол тәуелділіктің алдын алу, одан арылу жолдары және дер кезінде мамандардың көмегіне жүгінудің маңызы жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Атырау облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Дәурен Мұханбеталиев киберқылмыстың кең таралған түрлерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Интернет-алаяқтардан сақтану, жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және бейтаныс тұлғаларға банк деректерін бермеу жөнінде практикалық кеңестер ұсынды.

Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Азамат Сатаев экстремизмнің қоғамға төндіретін қаупі мен оның алдын алу шаралары туралы айтты. Жастарды деструктивті идеологияның ықпалынан сақтануға, әлеуметтік желілердегі күмәнді ақпаратқа сын көзбен қарауға және діни сауаттылықты сенімді дереккөздер арқылы қалыптастыруға шақырды.

Кездесу барысында студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық қауіпсіздікке қатысты жан-жақты мағлұмат алды.

Кездесу жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заңға құрметпен қарауына және жауапкершілікті терең сезінуіне ықпал етті.